Атырау облысына қарасты Таңдай ауылында мәселе шаш етектен. Әлі күнге дейін ауыз су мен жолдың азабын тартып отыр. Соңғы кезде сырқат балалар көбейген. Бірақ оларды емдейтін орталық түгілі, маман жоқ. Махамбет ауданы Таңдай ауылы тұрғындары жылдар бойы шешімін таппаған проблемаларын, «AMANAT» партиясының мобильдік қабылдауында көтерді.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Құрылғанына 90 жыл болған Таңдай ауылы тас жолға жарымай отыр. Орталықтағы 4-ақ көшесі асфальтталған. Балалар мектепке белшесінен балшыққа батып әрең жетеді дейді,- тұрғындар.
Таңдай ауылында 11 шақырымға созылған 16 көше бар. Соның саусақ санарлығы асфальтталған. Аядай ауыл ғасырға жуық тарихы болса да, өркениет игілігіне қол жеткізе алмай жүргенін айтып, шағымданды.
Мұрат ЕСЖАНОВ, ТАҢДАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тек қана бір ғана асфальтымыз бар айналып шығатын. Былтыр 1 салды да айға жетер жетпес мезгілде 500 метрдей салды да Қызылқоға кетіп қалды. Жайық бойындағы совхоздардың барлығы жағдайларының барлығын түзеп алды. Біз енді артта қалған адамдар болып отырмыз. Су мәселесі тағы сондай.Қысқы су тоқтап қалып отыр.
Халық су жүрген мезгілді сарыла күтіп, жапатармағай жинап алуды әдетке айналдырған. Мұнда әр аулада құдық пен бөшке бар. Аядай ауылдағы мәселе мұнымен бітпейді. Соңғы мезгілде Таңдайда мінез-құлқында ауытқушылығы бар, церебералды паралич, аутизмге шалдыққан бала саны артқан. Бірақ оларды емдейтін орталық түгілі, маман жоқ.
Қадыржан ҚАЗЫМБЕКҰЛЫ, ТАҢДАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Махамбет ауылына барып, сабаққа барады. Оларды ата-аналары апарады. Ол ата-аналар бір баланы апару үшін барғанша 1200 теңге, келгенше 1200 теңге ақша төлейді таксиге. Бір үйде тіпті 2 бала баратын отбасылар бар. Ауылдан орын бөліп, сол балаларды оқытатын, тәрбиелейтін, сауықтыратын логопед мамандардың орталығын ашса,- дегім келеді.
«AMANAT» партиясының мобильдік қабылдауына келген ауылдықтар аудан орталығы мен қалаға қатынайтын автобус шығаруды сұрайды. Өйткені такси қызметі тыс қымбат. Одан өзге, құқықтық кеңес сұрап, жеке мәселемен де 20-ға жуық тұрғын келді.
Азамат БІРЖАНОВ, «АМАNАТ» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«AMANAT» партиясының 76 депутаты бар заңнама түрінде. Егер заңды шешетін болса, заңға өзгеріс енгізеді. Егер де республикалық бюджеттен ақша керек болатын болса, біздер әрине министрліктерге сұрақ қоямыз республика деңгейінде. Көбінесе облыс деңгейінде болатын болса, мұның барлығы да бақылауға алынатын болады.
Мобилдік қоғамдық қабылдаулар 8 облысты аралап, 200-ге жуық қабылдау өткізіп үлгерді. 2500-ге жуық тұрғынның мәселесін тыңдап, олардың 20 пайызы сол арада оң шешімін тапқан.
Б. Надірқызы