Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Атырауда сотталған әйелдер балаларымен кездесті

AstanaTV
29.06.2022ж. 20:00
1807
Атырауда сотталған әйелдер балаларымен кездесті

Атырауда аса ауыр қылмыспен сотталған әйелдер отбасымен  кездесті. Олар абақтыға қамалғаннан бері балаларын құшағына қыспақ түгілі, жүзбе-жүз көріспеген. Тек айына бір мәрте бейнебайланыс арқылы хабарласып тұрған.  Жүрегі сағынышқа толы  сотталушы әйелдер кездесу туралы естігенде жүрегіміз жарылардай қуандық,-  дейді.  Ана мен баланың бірнеше жылдан кейінгі кездесуі туралы келесі материалда.

Жазасын өтеуші Самал Шалабаева 4 баласымен кездесетін сәтті күтіп, түнімен көз ілмеген. «Жусан-2» операциясымен елге оралып, «Терроризм» бабымен сотталған келіншек перзенттерін 2 жылдан бері көрмепті. Балаларын әбден сағынған ана оларды кезек-кезек құшағына қысып,  көз жасын көпке дейін тия алмады.  11 айлығында қалған кенже қызы қазір -сәбилер үйінде, ал қалған үш ұлы -отбасы үлгісіндегі балалар ауылында тәрбиеленіп жатыр.

Самал ШАЛАБАЕВА, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:

Скайптың ар жағында «мамаңмын»,- деп айтқан бөлек. Түсінбейді қызым. Қазір құшақтағанның өзінде  басқаша сезім. Көптен иіскегеннің өзі. Скайппен сөйлескен живой емес. «Мамаңмын»,- деп бер жағынан айтқаныммен, балалар алаңдап кете береді қайта-қайта.  Қазір өз көздерімен көріп тұр менің тірі екенімді. Бұл қызым 11 айлық болды, қазір 3-ке толады бұйырса.  Балаларым да өскен. Мектеп оқып жүр. Енді 1-сыныпқа барады.

Ал Елена Чапаева балаларымен 4 жылдан кейін кездесті. Ол да балапандарымен  жүзбе-жүз кездесетінін естігенде қуаныштан сенер-сенбесімді білмедім,- дейді. Темір торға қамалған кезде  3 жаста болған қызы 8-ден асқан, ал ұлы -11жаста. Үлкен ұлы биыл әскер қатарына  шақыртылыпты. «Адам өлтіру» бабымен  жазасын өтеп жатқан ол абақтыдан шыққан күні-ақ балаларымды қасыма аламын,- дейді.

Елена ЧАПАЕВА, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:

Балалар мекемеге келетінін білгенімде қуаныштан аузыма сөз түспей қалды. Ішім алай-дүлей болып кетті. Соңғы рет көргенде қызым өте кішкентай болды,  3 жаста еді, қазір сегізге толды. Мен өзімді аямаймын, балаларымды аяймын. Бәрінен де  солар көп зардап шекті. Мен істеген ісіме өте өкінемін.  Тағдыр ғой. Осылай боп калды. Енді  үмітімді үзбеймін, күтемін. Балаларыма түсіндірдім. Олар «мама, сенің шығатын күніңді асыға күтеміз»,- деді.

Пандемияға дейін сотталушылар балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан сәбилерімен тоқсан сайын 2 сағат кездесіп тұратын. Ал сәбилер үйіндегі бөбектерді бұл жолы бірінші рет анасына әкелді. Аналары бәйек боп, құшақтап, айналып-толғанып   жатқанымен, ана жылуынан жастайынан алшақтап қалған бөбектердің қатал тағдырға көндіккені көрініп-ақ тұр. Мұны мамандар да байқайды. Сондықтан ана мен бала арасындағы жылулықты сақтау үшін жиі кездессе екен,- дейді.

Гүлсара БОТАТАЕВА, ОТБАСЫ ҮЛГІСІНДЕГІ БАЛАЛАР АУЫЛЫ ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

«Мамамен сөйлесейін деп едім, сағындым» деген нәрселер болмайды. Ең бірінші енді келгенге дейін де балалар  ата-анасынан айырылудан адаптациялық кезеңінен өтіп келеді. Көбінесе олар бейімдеу оралығында болады  3 айға дейін. Сол мезгілде баланың ішкі жан-дүниесіндегі болып жатқан барлық құбылыс өзгерістердің барлығына баллаар көндігіп, балалар үйіне келгенде  балалар  бейімделіп келеді.

УГ-157/11 мекемесі  үзіліп қалған кездесуді «Балалар жылы» аясында қайта қолға алған.  Болашақта өзге облыстан келіп жазасын өтеп жатқан әйелдерге де осындай қуаныш сыйлағысы келеді.

Марта ӨТЕПОВА, УГ 157/11 МЕКЕМЕСІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ақтау облысынан, Оралдан және Актөбеден бар сотталған. Бүгінгі таңда балалары балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Оны ұйымдастырамыз деген  ойымызда бар, егер мүмкіндік болып жатса. Басқа қала болған соң кішкене қиындау болып тұр.


Аналар балаларына өз қолдарымен тоқыған ойыншықтарды тарту етті. Мекеме қызметкерлері де сан түрлі сыйлық дайындап қойған. Бөбектердің жүзі  риясыз қуанышқа бөленді.  Ал бір сағаттық кездесуде баласының қылығы мен  иісіне тоймаған аналар жанары жасқа толып, темір тордың ар жағында қалды.  

Б. Надірқызы