Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Қостанай таңы» облыстық газетіне 100 жыл

AstanaTV
29.06.2022ж. 20:00
1833
«Қостанай таңы» облыстық газетіне 100 жыл

Тобыл-Торғай өңіріндегі «Қостанай таңы» газеті 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Қара шаңырақтың іргесін қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералин мен әдебиетіміздің классигі Бейімбет Майлин қалаған еді. Ғұмырнамасы сырлы да шерлі шежіре, тарих тұнған жылнама жайлы Заңғар Санай баяндайды.

1922 жылы 25 маусымда «Ауыл» деген атпен  басылымның тұңғыш нөмірі жарық көрді. Газеттің алғашқы санынан-ақ ел мен жер, тіл мен діл, ұлттық құндылықтар хақында түрлі мәселелер көтерілді. Өз заманының саясатына  орай  басылымның  атауы да  8 рет өзгерді.  1991 жылдан бастап  «Қостанай таңы» деген атқа тұрақталды.

Архимед МҰХАМБЕТОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Тәуелсіздігіміздің бекемдеуіне, бірлік пен ынтымақты нығайтуға қызмет еткен басылым өз парақтарында тарих тағылымын дәуір үнімен, уақыт сынымен бейнелеп кешегі мен бүгінгінің арасын жалғап келеді. Бір ғасырлық мерзім ішінде халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналған газеттің қайнар бастауында қазақ журналистикасының көшбасшысы Мұхамеджан Сералин мен  қазақ әдебиетінің ақиығы Бейімбет Майлин болған еді.

Ғасырлық тарихы бар басылым тәуелсіз елдің даму жолымен біте қайнасып, заманауи ілгерілеп келеді. Дер кезінде ақпарат тарату, ұлттық саясат аясында қоғамдық пікір қалыптастыру, қоғамдағы құбылыстарды тану, сараптау. Әдебиет пен өнерді насихаттау арқылы өзі де өнердің бір түріне, рухани азығына айналды.

Жанұзақ АЯЗБЕКҰЛЫ, «ҚОСТАНАЙ ТАҢЫ» ОБЛЫСТЫҚ ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

Қазір мүлдем басқа форматта шығып жатырмыз. Бүгінгі заман талабына сай болуға, және бүгігі оқырманның көңіліннен шығуа, оқырманның талабына, талғамына лайқы болуға тырысып жатырмыз.

Облыстық газетте 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Қара шаңырақтың қабырғасында социологиялық зерттеу орталығы қызмет көрсетеді.  Ата газеттің заманауи сайты сағат сайын, жедел ақпараттық материал жарық көретін ақпарат айдыны. Онда барлық нөмірдің PDF нұсқасы орналасқан. Ал әлеуметтік желілердегі газеттің электрондық нұсқасы оқырмандар қызыға оқитын, интерактивтік байланыс  жасайтын еркін алаңға айналып отыр.

З. Санай