$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"AMANAT" партиясының "Жер аманаты" комиссиясы заңсыз жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруда

AstanaTV
08.07.2022ж. 20:00
2695
"AMANAT" партиясының "Жер аманаты" комиссиясы заңсыз жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруда

Алматыда заңсыз бөлінген жерлер енді мемлекет меншігіне қайтарыла бастады. Бұл іспен «AMANAT» партиясының "Жер Аманаты" комиссиясы айналысуда. Өзекті мәселеге байланысты комиссия мүшелері Алматыдағы бірқатар дау-дамай туындаған шағын аудандарды аралап, халықпен кездесті. Айта кетейік, арнайы комиссия бұған дейін 160 мың гектардан астам жайылымдық жер мәселесін шешкен.

"Жер Аманаты" комиссиясының көмегімен Бутаковка ауданындағы 5 гектар жер, мемлекет меншігіне қайтарылды. Мұнда жойылуға шақ қалған алма бағы бар. Жұрттың ашынатыны да осы. Алайда аманаттықтар биыл күзде жергілікті тұрғындармен бірге сенбілік өткізіп, алма ағашының жаңа көшеттерін отырғызуға дайын.

Мұрат ТЕМІРЖАНОВ, ҚР АШМ ЖЕР РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ "ЖЕР АМАНАТЫ" КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Көптеген қалаларда, соның ішінде Алматыда,әсіресе таулы шағын аудандарда ретсіз, жүйесіз құрылыстарға қатысты түйткілді мәселелер бар. Бутаковкадағы мәселе оң шешімін тауып келеді. Партияның көмегімен біз туып-өскен жерінің тағдырына бей-жай қарамайтын қарапайым тұрғындардың мәселелерін шешеміз.

Осы күні партиялықтар бұрын Каменское плато ауылы орналасқан Медеу ауданы тұрғындарының шағымдарын тыңдады. 2014 жылы бұл жер қала аумағына қосылған еді. Содан бері проблемалардан көз ашпай келеміз дейді жергілікті тұрғындар.

Василиса ҚУАНЫШЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

«Ақ қайың» шипажайынан жоғары жағы ұсақ учаскелерге бөлінген. Бір кездері мұның бәрі шаруа қожалығының аумағы болған еді. Сосын қандай да бір «ғажайып» жағдаймен бұл жердің барлығы жеке меншікке өтті. Ең қорқыныштысы – қазір салынып жатқан құрылыс нысандары кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін. Осы коттедждердің үйінділері астында қаламыз ба деген қорқынышта өмір сүріп жатырмыз.

Комиссия мүшелері тұрғындарды жағдайды жөнге келтіру үшін барлық шара қабылданатынына сендірді.

Дәулет КӘРІБЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Біз төрт обьектіге бардық. Енді ол жерлердің барлығында осы жердің берілуі, жердің кейбір жерлерде заңсыз берілуі жер комитетінің өкілдеріне міндетті түрде өзіміздің сұраныстарымызды, өзіміздің сұрауларымызды салып жердің яғни осы заңдылықтың әділдіктің қайтып орнауына барымызды саламыз.

Сонымен қатар, аманаттықтар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті аумағында белсенділермен және қоғам қайраткерлерімен кездесті. Заңсыз берілген  жер сот шешімімен университет меншігіне қайтарылады. Бұған қоса, осы мәселе «Жер аманаты» комиссиясының бақылауына алынды.

Б. Сатуов