Еліміздегі жоғары оқу орындарына құжат қабылдау тағы екі күнге созылды. Жауаптылар, бұл - талапкерлердің өтініші бойынша жасалған қадам,- дейді. Биыл түлектерге бас-аяғы 73 мың грант бөлінген. Талапкерлер тарапынан сұранысқа ие мамандықтар да белгілі болды.
Өміржан ҚОҚАЕВ, ҚАБЫЛДАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖАУАПТЫ ХАТШЫСЫ:
Сұранысқа ие мамандықтар техникалық, педагогикалық мамандықтар. Техникалық мамандықтардың ішіндегі сұранысқа ие өздеріңіз білесіздер IT саласы. Яғни ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттық технологиялар және информатика бағыты. Ал педагогикалық бағыттар бойынша екі шет тілі бағдарламалары бойынша өтініштер көп түсуде.
Шекті балды биылғы түлектердің 67 пайызы жинаған. Айта кетейік, 327 бала тестілеуге кірерде, тағы 322-сі сынақ барысында аудиториядан шығарылған. Тест біткен соң да тексеріс тоқтамаған. Дәрісханалардағы бейнекамералар арқылы 15 баланың ереже бұзғаны анықталды. Енді олардың сынақ нәтижесі есепке алынбайды. Грант конкурсына қатыса алмайды.
Руслан ЕМЕЛБАЕВ, ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Өкінішке қарай кеше тағы бір талапкердің 140-тан 139 алған талапкердің нәтижесі жойылды. Себебі оның ереже бұзушылығы анықталды. Негізі біз талапкерлердің нәтижесін сертификаттың жарамдылық мерзіміне дейін жоя аламыз. Олардың сертификаты ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды. Егер оның нәтижелері жойылған болса, ол грант конкурсына қатыса алмайды.
Бүгінгі есеп бойынша, 77 мың талапкер өз құжатын тапсырған. Көбі құжаттарын білім ошақтарына өздері әкелген. Уақыт үнемдеп, виртуалды қабылдау арқылы өтініш білдіргендер де баршылық.
А. Шамшидин