Кеншілер мен металлургтерге қазанның бірінен бастап жұмыс орнында тегін емдік ыстық тағам мен сүт берілмейді. Бұл туралы арнамызға хабарласқан «Арселор Миттал Теміртау» -дың асханаларына жауапты мердігер серіктестік өкілдері айтты. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік бас есепшісінің айтуынша, «Арселор Миттал Теміртау» жұмысшылардың ыстық тағамы мен сүтін толық қаржыландырмай отыр. Азық- түлік пен сүт қымбаттаса да, ақшаны шала- шарпы төлеп келеді дейді. Соған қарамастан 54 асхана мен «Шахтер» және «Жартас» демалыс орындарында тегін емдік тағам үздіксіз беріліп келді,- дейді бас есепші. «Арселор Миттал Теміртау» келісімшартқа сәйкес қаржыны дұрыс аудармаған соң сотқа беріпті. Алайда, Теміртау қалалық экономикалық соты дауды серіктестіктің пайдасына шешкенімен, серіктестік тиісті соманы әлі алмай отырған көрінеді.
Елена МАЙОРОВА, ЖШС БАС ЕСЕПШІСІ:
Біздің компанияға «АрселорМитталТеміртау» 20 млрд теңгедей қаржы қарыз. Біз екі жақты дау шешілмесе тегін емдік тағам мен сүт беруді тоқтатамыз. Келісімшарт бойынша біздің оған толық құқымыз бар. Соңғы жылдары азық- түлік қымбаттап кетті, ары қарай асханаларда тегін тамақтандыру мүмкін емес.
«Астана» телеарнасының тілшілері мәселенің мән- жайын анықтау үшін «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына арнайы хат жолдаған болатын. Алайда кәсіпорынның баспасөз қызметі қандай бір ақпарат беруден бас тартатындарын хабарлады.
А. Қуаш