Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

«Қазақстан барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын сөзсіз қолдайды», - Президент

AstanaTV
11.11.2022ж. 20:00
1325
«Қазақстан барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын сөзсіз қолдайды», - Президент

"Қазақстан – түркі әлемінің атажұрты. Сондықтан біз оны жаңа белеске көтеруіміз керек". Бұл – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде айтқан сөзі. Президент келелі жиында Қазақстан барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын сөзсіз қолдайтынын айтып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын мүлтіксіз сақтау қажет деді. Ол- еліміздің негізгі мүддесіне толық сай келетін маңызды қағидат. Саммитте тағы қандай мәселелер қозғалды? Аружан Задабектің материалы.

Бүгін Самарқанда Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтті. Жиынға қатысу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға кеше барған еді. Осы жиында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, қонақжайлық танытқан Өзбекстан Президентіне ерекше алғыс білдірді. Президент ауқымды кездесудің түркі әлемінің мақтанышы көне Самарқанд шаһарында өтіп жатқанына тоқталды. Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келе жатқанын айтып, Қазақстан түркі әлемінің Атажұрты ретінде ұйымға мүше барлық елмен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беретінін жеткізді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр.

Қазақстан көлік-логистика саласын дамытуға тағы 20 миллиард доллар инвестиция тартады. Мемлекет басшысы Түркітілдес халықтарды құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамытуға шақырды. Әсіресе шекара бекеттерін жаңғырту керек деді. Соңғы кезде геосаяси ахуалға байланысты мемлекеттер бір-бірінен технологиялық тұрғыдан оқшауланып жатыр. Сондықтан Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын құруды ұсынды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Астана хаб халықаралық технопаркі негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының цифрландыру орталығын құруды ұсынамын. Бұл құрылым сауда, көлік, су ресурстары, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салаларға қажетті цифрлық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.

Әлем елдері соңғы 7 жылда «жасыл» облигацияларға 2,5 триллион доллардан астам қаржы бөлді. Осы ретте бұл саладағы капитал нарығын дамыту үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынды. Бұдан бөлек, түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту туралы сөз қозғады. 2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз академиялық ұтқырлықты дамытып, студенттер арасында мәдениетаралық диалог орнатуға жағдай жасауымыз керек. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру қажет. Сондықтан 2023 жылы түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын.

Мемлекет басшысы саммит барысында «Түркі әлемінің келешегі-2040» құжаты қабылданатынын айтты. Бұл- елдер арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге ықпал етпек. Сондай-ақ 2023 жылы ТҮРКСОЙ-дың құрылғанына 30 жыл толатынын еске салып, бұл мерейлі оқиғаны жоғары деңгейде атап өтуге шақырды. Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммиті келер жылы Қазақстанда өтеді.

А. Задабек