Еліміздің біраз өңірінде сары аяз сақылдап тұр. Шығыс Қазақстанда барлық аудан мен қала мектептерінде сабақ онлайн режимге ауыстырылды. Колледждің 1-2 курс студенттері де қашықтан оқып жатыр. Ал Қызылордада аяз болмаса да, жел күшейген. Жалағаш ауданындағы мектептің шатыры ұшып кетті. Ондағы балалар үшін сабақ үш күнге тоқтатылды. Барлық аймақта төтенше жағдайлар қызметі мен тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Өңірлердегі жағдайды тілшілеріміз жеткізеді.
Әсел ДҮКЕМБАЕВА,ТІЛШІ:
Бүгін Астана қаласының білім басқармасы Бірінші ауысымдағы бастауыш сыныптарды қашықтан оқу форматына ауыстырды. Себебі, Бас қаланы аяз буып тұр.
Синоптиктердің ақпаратынша, алдағы күндері елордада және еліміздің бірқатар аймағында аяз күшейеді. Қазақстанның солтүстік бөлігі антициклонның ықпалында болады. Ауа температурасы -43 ке дейін төмендейді. Кей жерлерде бұрқасын соғады. Ал оңтүстік-батыс өңірлерде қар аралас жаңбыр жауып, тұман түседі. Сондай-ақ жел күшейеді.
Алтынзер ЕСБОСЫНОВА, ИНЖЕНЕР СИНОПТИК:
29-30 қарашада елдің шығыс аймақтарына суық солтүстік жотасы, әлі де әсер етеді. Сондықтан аяз сақталады. Қазақстанның қалған аумағында аяздың бәсеңдеуі күтілуде.
Ауа райының қолайсыздығынан Ақмола облысы аумағыдағы жолдарда апаттар мен көліктердің бұзылуы жиілеген. Төтенше жағдай қызметі жолда қалған 80 адамды құтқарды. Арасында балалар да бар.
Әсел ДҮКЕМБАЕВА, ТІЛШІ:
Ал Қарағанды облысында аязды күні жолда қалған 22 адамға көмек көрсетілді. Құтқарушылар аяздың күшейетіні туралы ескертуге қарамастан жолға шығатындар көп екенін айтады. Ал, еліміздің солтүстігінде ауа-райы қалай? Абзал айтады...
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Сақылдаған сары аяз елдің солтүстігін де орап алды. Екі күннен бері сынап бағанасы - 25 градус шамасында. Осыған байланысты бүгін бірінші мен төртінші сынып оқушылары, яғни 50 мыңнан астам бала сабақтан босатылды.
Әлия ШОТПАЕВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Бүгін ауа райы минус 25 болғандықтан, төртінші сыныпқа дейін оқитын балалар ережеге сәйкес сабаққа барған жоқ. Кейбір мектептер қашықтықтан оқу әдісіне көшті. Егер алдымыздағы күндері одан сайын суық болса, онда облысымыздағы 350ден астам мектептің барлығы уақытша балаларды оқытпайды.
Ал былтырғы қыстан әрең шыққан қалалық жылу орталығы биылғы маусымға сеніммен кіргенін айтады. Мекеме бүкіл жылу қазандықтарын күрделі жөндеуден өткізіпті. Кейбіреуінің жаңғыртылуы әлі бітпеген. 12 пештің жетеуі жұмыс істеп тұр.
Олег ПЕРФИЛОВ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Алғашқы аязды күндерді ойдағыдай өткіздік. Қазір жылу орталығы жоспарға сәйкес 85 градус жылуды беріп отыр. Жұмыс барысында ұсақ-түйек мәселелер туындап жатыр. Бірақ олар бірден шешілуде. Бұл қыстан аман өтеміз деп отырмыз.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Ал казгидромет мамандары аймақта әлі бірнеше күн аяздың сейілмейтінін хабарлап отыр. Ал ОРалда жағдай қалай? Әріптесім, Еркін Карин жалғастырады.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Аяз күшейгенде Оралда кәріздік желіде апат болды. Жаңбыр жауып, жел тұрса жарықсыз қалатын тұрғындар енді осының зардабын көріп жатыр. Биыл жазда ғана күрделі жөнделген Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы құбыр жарылды.
БЛИЦ:
- Кешкі сағат төрттен бері су жоқ. Ылғи осылай.
- Су кешеден бері жоқ. Бүгін қашан беретіні белгісіз.
Кәріз суы үш үйдің жертөлесіне жайылды. Бірақ сумен қамту мекемесі бұған біздің кінәміз жоқ дейді. Өйткені осы тұрғын жайлардағы ішкі құбыр желілері дұрыс жүргізілмеген. Ал бұл іспен жеке пәтер иелері кооперативтері айналысуы тиіс.
Әнуар АРКЕНОВ, "БАТЫС СУ АРНАСЫ" ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Құбыр желісі 1971-жылдан бері қолданыста. Құбырдың үстіңгі жағы әбден шіріп, опырылып кеткен. Суға езілген топырақ батпақ болып, құбырды толтырып тастады. Бірақ суды айырмай, жөндеп көреміз.
Кәріздегі апаттың кесірінен Әбілқайыр хан даңғылы жабылып, қала ішінде қатынайтын тоғыз бағытты автобустың қозғалысы өзгертілді.
Еркін КАРИН ТІЛШІ:
Қаладағы кәріз желілерінің ұзындығы -377 шақырымға жуық. Оның 60% тозығы жеткен. Ескірген құбырды кешенді дамыту жоспары аясында жаңарту жоспарланыпты. Бірақ бұл іске 35 млрд теңге керек. Шенеуніктер жоба мемлекеттік экспертизадан өткізілген соң, жөндеуді келер жылы бастаймыз деп отыр.
Ә. Дүкембаева