$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда бір отбасының 3 баласы мектеп партасына отыра алмай қалуы мүмкін

AstanaTV
04.08.2016ж. 20:00
2380
Алматыда бір отбасының 3 баласы мектеп партасына отыра алмай қалуы мүмкін

Жаңа оқу жылы басталатын уақыт та жақындап келеді. Алайда, Алматыдағы бір отбасының 3 баласы биыл мектепке бара алмауы мүмкін. Өйткені тұрақты баспанасы болмағандықтан, бүлдіршіндер тіркеуде жоқ. Перзенттерін білім ордасына қабылдата алмай әлекке түскен көпбалалы ана біздің арнамызға хабарласып, көмек сұраған еді. Қатарластарымен бірге мектепке бара алмай қаламыз ба деп алаңдаған балғындардың жағдайымен Айгүл Ермахан танысып қайтты.

Мына қақпаның ар жағында Мұқашевтар отбасының аянышты ақуалы жасырынған. Тұңғышын ауыр сырқаттан аман алып қаламыз деп үміттенген жандар баспанасын осыдан біраз жыл бұрын сатып жіберген. Бірақ перзентін ажалдан құтқара алмады. Содан бері алты баламен тентіреп, жалдамалы үйді паналап жүр. Көпбалалы ана балаларын мектепке орналастырудың мұң болып тұрғанына налиды.

Мадина Мұқашева, қала тұрғыны:

Мектепке орналастыру үшін тіркеуде болуымыз керек екен. Оны қайдан аламын? Уақытша ешкім тіркегісі келмейді. Біреудің үйіне уақытша тіркелу үшін, әр адамға 20 мың теңге төлеу керек.

Мұқашевтар отбасы балаларға шығатын 11 мың теңге әлеуметтік жәрдемақымен күнелтіп отыр. Қыздары Карина мен Аделяны анасы былтыр мектепке бермек болған. Алайда тіркеудің жоқтығынан олар бір жыл үйде оқып, өз бетінше жазып үйренген. Ал кішкентай Резвана биыл мектеп табалдырығын аттауы тиіс.

Айгүл Ермахан, тілші:

Бұл үйдің балаларының қазір бір ғана арманы бар. Өз қатарластарынан қалмай мектеп қабырғасында білім алу. Тіпті мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған бүлдіршіндер де кілең беске оқуға уәде беріп отыр. Солай ма Аделя?

Аделя:

Если меня возьмут в школу, то тогда я обещаю учиться на пятерки.

Бұған қатысты заңгерлердің де өз уәжі бар. Балаларды мектепке қабылдау үшін тіркелгені туралы анықтама сұрау  заңға қайшы, - дейді адвокат Жангелді Сүлейманов.

Жангелді Сүлейманов, адвокат:

Арнайы тіркеу қағазының болуы міндетті емес. Бастысы, баланың тұрғылықты жерінен хабардар болса болғаны. Соған қарай күнделікті тұрып жатқан үйінің маңайындағы мектеп баланы қабылдауға тиісті.

Ал Мадина Мұқашева балаларын орналастырмақ болған  №63 жалпы білім беретін мектептің басшылары камерадан қаймықты ма, бізді көрісімен тіркеу қағазын сұраған жоқпыз деп ақталды. 

Мейрам Ибраев, №63 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

Басқа мектеппен шатастырып тұрған шығар. Келген жоқ, шынымды айтайын, қыздардан сұрап шықтым, көрген жоқ.

Бұл мәселенің анық-қанығын білмек болып, қалалық білім басқармасына да бардық.

Тахиржан Салижанов, Алматы қаласы білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы:

Тіркелгені туралы анықтаманың қажеті жоқ. Тек жалға үй беріп отырған азамат сол үйде осы отбасының тұратынын растайтын келісімшартты көрсетуі қажет. Сонда баланың тұрғылықты мекен-жайы бар екеніне көз жеткіземіз. Бізге бұл отбасы хабарласқан жоқ. Мән-жайды анықтап, барынша қолдау көрсететін боламыз.

Осылайша, сала өкілі Мұқашевтар отбасының балалары қатарластарынан қалмай мектепке барады деп  уәде берді. «Мектепке жол» акциясы аясында, оқуға қажетті құралдарды алып беруге көмектесетін де айтты. Алайда көпбалаы ана баспана мәселесі тездетіп шешімін таппаса, аталған проблеманың келер жылы да туындайтыны анық дейді. Отбасы қазір 4 мыңыншы болып үй кезегінде тұр. Жуырда жұмысқа тұрған отағасы  алғашқы жалақысын алғанша, шиеттей бала-шаға қайырымды жандар жалға алып берген үйде тұра тұрмақ.

Айгүл ЕРМАХАН