Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қазақстанда кәріз-тазарту жүйелерін салуға араб компаниясы тартылмақ

AstanaTV
15.03.2023ж. 22:15
946
Қазақстанда кәріз-тазарту жүйелерін салуға араб компаниясы тартылмақ

Abu Dhabi Sewerage Services Company-дің (ADSSC) Қазақстанда кәріз-тазарту жүйелерін салып, жаңғырту жобаларына қатыспақ. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Аталған іс-шараға «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділхан Өмірбаев және Abu Dhabi Sewerage Services Company-дің басқарушы директоры, сондай-ақ басқарма төрағасы Ахмед аль-Шамси қатысты.

Бұл орайда Қазақстандық орталықтың өкілдері еліміздегі кәріз-тазарту жүйелерін салу мен жаңғырту жобаларын іске асыруға бағытталған тұжырымдамасы, сонымен бірге қаржыландыру тетіктерін айтып берді. Бұдан басқа Қазақстанның 68 қаласындағы су бұру құрылыстары мен желілерінің қазіргі жағдайы жөнінде мәлімет берілді. Осы бағыттағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін әлеуетті инвесторлардың инфрақұрылымдық жобаларға қатысу перспективалары талқыланды.

Өз кезегінде шетелдік компанияның өкілдері республикадағы кәріз-тазарту инфрақұрылымының жағдайын зерттеп, талдауға байланысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар одан әрі өзара тиімді әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Осы ретте Abu Dhabi Sewerage Services Company – Абу-Даби Әмірлігінде қатты және сұйық қалдықтардан жиналатын ағынды суларды қауіпсіз жинап, тазартумен айналысатын мемлекеттік коммуналдық компания екенін айта кетейік. Аталған компанияның активінде 40-қа жуық кәріз тазарту қондырғысы және 260-тан астам сорғылау стансасы, сондай-ақ 12,606 шақырымдай кәріз желісі бар.