Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Шаң басқан ыдыстарды сатып байып кетті

AstanaTV
06.04.2023ж. 16:31
1045
Шаң басқан ыдыстарды сатып байып кетті

Британ азаматы үйінен қытайдың көне фарфор ыдыстарын тауып алып, оны қомақты қаржыға сатқан. Бұл туралы massaget.kz The Scottish Sun-ға сілтеме жасап, жазды.

Басылымның мәліметінше, Англияның Дербишир графтығында тұратын 67 жастағы ер адам үйін тазалау кезінде анасынан қалған шаң басқан ыдыс-аяқты тауып алған.

"Ол басында қытай ыдыс-аяғын туыстарына тегін таратып беруді ойлаған. Бірақ аз да болса ақша табу үшін ыдыстарды аукционға шығарған. Ағылшын ыдыс-аяғы салынған картон қорап үшін шамамен 30 фунт стерлинг аламын деп үміттенген", - дейді дереккөз.

67 жасттағы ер азамат аздап ақша тапқысы келгенін айтады.

"Мен ол ақша әкеле алады деп ойладым, бірақ бұл соншалықты көп ақша болады деп ойламадым", - дейді басылымға берген сұқбатында.

Hansons аукционына қойылған антиквариат ХVІ ғасырдың аяғында Қытай Мин әулетінің Вуцай стиліндегі фарфор бұйымдары болып шықты. Мұндай ыдыс-аяқтар қытай ғибадатханаларында немесе храмдарда құрбандық кезінде қолданылған және Англияға дүниежүзілік соғыстардың бірінен кейін келген болуы мүмкін.

"Кейінірек Хансонс маған қоңырау шалып, қораптағы қытай керамикасының кейбірі қымбат екенін айтты. Олар ыдыстарды  басқа бағамен – 4 мыңнан 6 мың фунтқа дейін сатуды жоспарлады. Мен бұл шешімге риза едім", - деп бөлісті сирек кездесетін антиквариат тауып алған ағылшын.

Одан әрі болған оқиға, сатушының айтуы бойынша, адам сенгісіз болған.

"Тікелей онлайн-аукционды көріп отырдым, бағалар шарықтап кетті. Мен компьютер қарап айқайлай бердім. Әпкем Аустралиядан тікелей эфирді тамашалап отырды, сол кезде біз смс жазысып отырдық. Не болып жатқанына сене алмадық", - дейді ол.

Үш тұтынушы төрт тағам салатын фарфор жиынтығын алу үшін өмір –өлім арасындағыдай күрескен. Ақырында, қытайлық қатысушы төлеген жалпы сома 81 900 фунт стерлингті (45 миллион теңгеден астам) құраған.

Шаң басқан картон қораптағы тағы бір бұйым, сары медальоны бар империялық фарфор тостаған 14 500 фунт стерлингке сатылды. Қызғылт фарфордан жасалған медальоны бар құмыра 8 800 фунт стерлингке сатылған.

Мұндай құнды қазынаның қайдан келгенін сатушы білмейді.

"Мен тәрелкелер мен ыдыс-аяқтардың ортасында өстім. Анам оларды қабырғаларға қоюды ұнататын. Ол ыдыс-аяқтардың құнды екенін білмеген. Анам оларды бірнеше жыл бұрын Rolls-Royce компаниясының бұрынғы инженері болған жігіттен алған. Ыдыстарды оған алғыс белгісі ретінде сыйға берген", - дейді ер адам.

Табысты олжаның иесі зергерлік бұйымдарды қалай тапқаны туралы бөлісті.

"Мен анамның үйін жинап жүріп шаң басқан ыдыстарды тауып алдым", - дейді ол.

Ағылшын азаматы ыдыс-аяқтарды сатып, жалпы 112 мың фунт стерлинг (62 миллион теңгеден астам) табыс тапқан.

Hansons Auctioneers иесі Чарльз Хэнсон аукционға ұсынғаннан кейін өзінің сауда алаңында картон қораптағы қытай заттарын байқағанын айтты.

"Мен бұл өте маңызды және құнды заттар екенін бірден түсіндім. Оларды бағалаушы кеңесші және керамика жөніндегі сарапшы Адам Шун тексерді. Бұл жергілікті олжа бүкіл әлемде қызығушылық тудырды. Үйіңізден осындай дүниелер табылып тұрғаны қандай жақсы", - деп дейді аукцион иесі.