$488.45 €529.19 ₽5.04
×

"Тегін келіп, демалып қайтса ғой": алматылық асаба тойға қатысты ерекше ұсыныс айтты

AstanaTV
25.04.2023ж. 17:45
1065
"Тегін келіп, демалып қайтса ғой": алматылық асаба тойға қатысты ерекше ұсыныс айтты

Алматылық асаба Асхат Қылышбек қазақ тойының шығынға айналып, халықтың қалтасына ауыр тиіп жатқанын тілге тиек етті. Асаба осы орайда көпшілік жақын адамдарына тегін той жасау туралы ұсынысын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Бұл ұсынысын Асхат Қылышбек Instagram парақшасында жариялады.

"Тойға қонақтар ештеңе әкелмесе, шіркін... Шамасы жеткендер той жасап, жақындарына дастарқан жайсын. Батасын, сауабын алсын. Ақшасын емес... Ол ақша той иесіне де пайда әкелмейді. Мейрамхана шығынын жабуға жетсе жақсы. (Қазір Алматыда адам басына 15 000 теңгеден кем тойхана жоқ. Жұбымен барған қонақ 30 мың теңгеден кем алып барса - ұят. Ал айлығы 100-200 мың теңге адамды жазда айына он тойға шақырады, көресің. Үйіне не қалды сонда?) Жарайды, жас отауға үйлену тойда көмек ретінде аямай қаржылай сыйлық берсін. Мейлі, сүндет тойға да... Басқа тойға қонақтар тегін келіп, демалып қайтса ғой. Сонда мейрамхана қожайыны мен әртістерді асырайтын қаптаған той азаяр ма еді дейді, бір ойым. Бәлкім, ел қолдап кетер. Әйтпесе, 20, 30, 40 жас той не керек? Тойдың түр-түрі бар қазір. Шынында, қарапайым халыққа обал. Той менің де неше жылдан бері жолға қойған бизнесім. Бірақ той болмаса да, Алла несібемізді береді. Карантинде тойсыз аштан өлген асаба болған жоқ", - деді алматылық асаба Асхат Қылышбек.

Желі қолданушыларының көбісі асабаның бұл жазбасымен келісетінін білдіріп, пікір қалдырды.

"Дұрыс айтасыз", "Өте жақсы ой тастадың", "Қазір үйлену мен сүндет тойды ғана жасаса болады", "Бұл ой өте орынды. Тойды қазақ "тойана" жинап алу үшін жасамаған. "Ас - аттынікі, той - тондынікі" деген бар. Кімнің жағдайы бар, сол той жасап, ас беріп елдің батасын алу мақсатында жасаған", "Тойшыл қауымға жақсы ой тастадың", - деп жазды желідегілер.