$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Түркістан облысының диқандары піскен өнімін сата алмай отыр

22.05.2023ж. 20:00
1363
Түркістан облысының диқандары піскен өнімін сата алмай отыр

Түркістан облысында Сарыағаш ауданының диқандары өнім өткізе алмай отыр. Қоймаларда тонналаған қызанақ пен қияр тұр, бірақ оған сұраныс жоқ. Себебі, базарда сырттан келген көкөніс көп. Бағасы да қолжетімді. Ал жергілікті дақылды біз онан арзан берсек, шығын ақталмайды дейді шаруалар. Биыл онсыз да шығынға шаш етектен батқандарын айтады.

Акип Ақбердиевтің жылыжайында қияр тау болып үйіліп жатыр. Алатын адам жоқ. 4 гектар аумақта әлі пісіп жатқаны қаншама... Сондықтан күніне 30-40 адамды жалдап тергізеді. Оның әрқайсысына 7 мың теңге төлейді. Ал өнімнің құны бұл шығынды да ақтамайды дейді.

Акип АҚБЕРДИЕВ, ШАРУА:

Алатын адамдар келіп, 70-80 теңгеден данный момент сұрап жатыр. 30-40 адамның ақшасын мен қайтып беремін міне 70-80 теңгеден сатып. Бәрі 150 млн теңге 4 гектар жайға шығын бар. Оны қазір көмірші де ақшасын сұрап жатыр, дәріші де ақша сұрап жатыр.

Шаруалар онсыз да қыстан қысылып шықты. Көмір шығынына шаш етектен батқандарды енді базардағы бәсекелестік қыспаққа алып отыр.

Данияр ҚАЛТАЕВ, ШАРУА:

Түркіменстаннан, Қытайдан келгендер бізді демпингтік бағамен бүгінгі таңда өлтіріп жатыр олар. Өйткені біз апарып 500-ден сатсақ, олар 400-ден сатады. 400-ден сатсақ, 300-ден, ақырында енді 200-ден қойып қойды. Бізді шығынға ұшыратып, келесі жылы біз еге алмаймыз.

Міржаппар АГАЕВ, ШАРУА:

Менің помидорым айланған килосы 600 теңгеге себестоимость полный расходым. Сол қазір мысалы үшін 350 теңге-300 теңге болып жатыр. Субсидия деді, субсидия бермеді. 2,5 процентке ақша береміз деді, оны да бермеді. Енді менің лично өзімнің лажым жоқ. Теплицаға да вывеска астым сатамын деп, үйіме де вывеска астым. Потому что мен қарыздарымды бере алмай жатырмын.

Нұрсұлтан ҚУАНЫШБАЕВ, ШАРУА:

Біз уже тупиктеміз, 80 пайызымыз банкроттамыз. Әлі білмей тұрмыз әлі. Ертең 100 теңгеге түсетін болса, 100 пайыз банкротқа кіріп кетеміз.

Сарыағашты шаруалардың мәселесін жергілікті билік жақсы біледі. Бірақ бағаны нарық билейді деуден басқа лажы жоқ.

Әлайдар ӘМІРХАНОВ, САРЫАҒАШ АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Баға бұл мына сұраныс пен ұсыныстың арқасында туындайтын мәселе. Мысалы баға бір күні түсуі мүмкін, келесі күні немесе арада 2-4 күн өткеннен кейін қайтадан көтеріледі. Шаруалардың айтқанын мен негізсіз демеймін. Баға түсіп кеткеннен кейін ол кісілер өздерінің шығындарын өтей алмай қаламыз ба деген қауіптері бар. Бірақ енді дегенмен де мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектеп субсидиялау бойынша ол жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Диқандар үкіметтен қолдау күтеді. Жылыжай шаруашылығына соңғы бес жылда субсидия берілмеген. Егер мәселе шешілсе, жылына екі рет өнім жинап, ел қажеттілігін өтеуге мүмкіндік бар. Ал бір ғана Сарыағаш ауданында 600 гектар жылыжай жұмыс істеп тұр.