$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақмола облысы Егіндікөл ауданында екі ауылда ауыз судың жоқтығынан төтенше жағдай жарияланды

07.06.2023ж. 20:00
1478
Ақмола облысы Егіндікөл ауданында екі ауылда ауыз судың жоқтығынан төтенше жағдай жарияланды

Ақмола облысы Егіндікөл ауданында ауыз судың жоқтығынан төтенше жағдай жарияланды. Екі ауылдың тұрғындары төрт айдан бері сусыз отыр. Аптап ыстықта жұрт қалай күн кешуде? Елдімекенге тілшіміз Дәрібек Бахытбек барып келді.

Астанадан 250 шақырымдағы Қоржынкөл ауылына 3 сағатта әрең жеттік. Жол нашар, кедір-бұдыр, шұрық-тесік. Бұл мекенде 100-ге жуық тұрғын тұрады. Соңғы 2-3 жылда ішер суға жарымай келеді. Ал соңғы 4 айда тіршілік нәрі мүлдем жоқ.

Раиса МИРСКАЯ, ҚОРЖЫНКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үнемі су жоқ. Қазір 4 ай болды. Үнемдеп жұмсамасақ жетпейді. Ұйықтамай су тарататын көлікті күтеміз. Сосын таласып су құйып аламыз. Ішетін суымызды зорға тауып отырмыз.

Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Бұл ауылға су сырттан аптасына екі рет әкелінеді. Бар болғаны әр үй 200-300 литр шамасында ала алады. Тіршілік нәрін таласып алуға мәжбүр. Кезекке үйден су тасуға ыңғайлы барлық ыдысты осылай сыртқа шығарып қояды.

Тұрғындар негізі есік алдына бау-бақша егіп, сонымен күнелтеді. Дақыл суаратын суды да қазір сатып алуға мәжбүр. Болат Каркимбаев -ауылға су тасушы. Аптасына 2-3 рет қатынаймын дейді.

Болат КАРКИМБАЕВ, ҚОРЖЫНКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осылай түсте су тасимын. Бір рейс жасағанымда 3 текше метр әкелемін. Әр текше метрін 1000 мың теңгеге сатам. Енді май, солярка бар. Оның үстіне тракторым ескі. Бұзылса жөндеу қажет етеді. Сосын осылай бос уақытымда су сатып табыс табамын.

Қоржынкөл мен іргелес жатқан Бауман ауылында да су жоқ. Мұнда 200 шақты үй бар. Тұрғындардың бәріне ортақ- 6-ақ құдық.

Дәрібек БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Бұл - Бауман ауылының су ішетін құдығы. Бірақ су жер астынан шықпайды. Тек арнайы көлікпен аптасына бір рет тіршілік нәрі әкелінеді. Мына жерге құйылады. Тұрғындар осы арадан тасып ішеді.

Күн ыстық, таңдайымыз кеуіп, су ішуге келдік. Шелектегі судың түбі құм мен ұсақ тас. Адам ішуге келмейді. Бірақ, амал жоқ. Ал, оған ешкім мән беріп жатқан жоқ. Бәрі бірдей ауыз суды осы құдықтан ішеді. Тек әр үйдегі адам санына қарай алады.

Василия ТРЕТЬКОВА, БАУМАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл мәселемен күресіп келе жатқанымызға қанша жыл болды. Соңғы рет ауылымызға су наурыз айының соңында келді. Көпшілігіміз суды сатып аламыз. Көп дегенде бар алатынымыз 100 литр ғана. Суды өзіміз ішіп те, тұрмысқа қолданып та жарытпаймыз. Ішуге жарымсыз болса да, амал жоқ, шығындалып аламыз.

Ауыл әкімі Әнуар Құлахметовтің айтуынша, ауылға су құбыры өткен ғасырдың 70 -80 жылдары тартылған. Осы уақыт ішінде құбыр мүлде тозып, жарамсыз күйге түскен. Салдарынан елдімекенге мүлдем ауыз су келмей қалды. Құбырды жөндеу үшін мемлекеттен 387 миллион теңге бөлінген. Қазір жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр дейді.

Әнуар ҚҰЛАХМЕТОВ, БАУМАН АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Су тапшылығын шешу үшін екі аптада бір рет 35 текше метр сумен қамтамасыз етеміз. Аудан әкімі осы мәселе бойынша арнайы штаб құрды. Штаб мүшелері аудан- ауылдарды аралап жіті бақылау жүргізіп тұрады. Ал мүгедек азаматтар мен зейнететтегі адамдарға суды үйлеріне апарамыз. Қазір ауданда 6 құдық бар. Кейбірі істен шыққан. Соларды жөндеу үстіндеміз.

Төтенше жағдай жарияланған Бауман және Қоржынкөл ауылдарында 600-ге жуық адам тұрады. Сондай-ақ аудан орталығында 3500 халық бар.