Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ерасыл Әубәкіровтың өліміне қатысты сот үкімі шықты

AstanaTV
12.10.2016ж. 20:00
2595
Ерасыл Әубәкіровтың өліміне қатысты сот үкімі шықты

Бүгін Ерасыл Әубәкіровтың өліміне қатысты атышулы іске нүкте қойылды. Сот студентті өлтірді деп айыпталғандарды 11 жылдан 20 жылға дейін түрмеге қамау туралы үкім шығарды. Алайда, бас айыпталушы Нұрбек Әжімбайдың анасы кісі өлтіруші бостандықта жүр деп мәлімдеді. Сот отырысына қатысқан тілшіміз Саламат Омаш тараптардың пікірін білді.

Саламат Омаш, тілші:

Атышулы сот отырысы осы уақытқа дейін жабық есік жағдайында өткен болатын. Өйткені айыпталушылардың жыныстық қатынасына байланысты мәліметтер жарияланатыны белгілі болды. Бүгін сот үкімі ашық оқылды. Виталий Шерстенев 11 жылға, Андрей Тихоненко 16 жылға сотталды. Ал қылмыстық топты басқарды деп айыпталған 22 жасар Нұрбек Әжімбайға сот аяушылық танытпады.

Асхат Әшірбеков, Астана қалалық қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы:

Қылмыстық істің 262, 126, 199 және 194 баптары бойынша кәнілі деп табылсын. Қазақстан Республикасы Кылмыстық кодексінің 58 бабы, яғни қылмыстық заң бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылсын. Сондай-ақ,  қылмыстық жолмен тапқан заттары тәркіленсін.

Астанадағы медицина университетінің 6 курс студенті Ерасыл Әубәкіров ақпан айының үшінде жоғалып, 10-ы күні мәйіті табылған еді. Басы қаппен оралған мәйіттің суреті ғаламтор желісіне тез таралып, кейінен осы оқиғаға қатысты бейнежазба да пайда болды.

Видеода Ерасылды жұлқылап, оған сұрақтар қойып жатқан Аян Мейірбаев бастапқыда басты күдікті ретінде танылған болатын. Десе де, Аян Мейірбаевқа қатысты қылмыстық тергеу тоқтатылып, ол жәбірленуші болып шыққан. Тиісті органдар Аян Мейірбаевтан қылмыстық дәйектерді таппаса керек. Ал 20 жылға сотталған Нұрбек Әжібайдың анасы кісі өлтіруші бостандықта жүр деп мәлімдеді.

Сәуле Сатыбалдина, Нұрбек Әжібайдың анасы:

Қандай сот, қандай цирк болғанын, көрдіңіздер ғой. Қарапайым халық үшін әділдік жоқ, көрдіңіздер. Менің балам ешкімді өлтірген жоқ. Ол таза. Егер кінәлі болса, өзі-ақ айтар еді халықтың алдында. Әділдік түбі жеңеді.  Бұл жерде ішкі істер министрлігінің адамдары Мейірбаевтардан үлкен сома алған.  Бұндай жағдай бәрінің басынан өтуі мүмкін. Нағыз қылмыскер бостандықта жүр.

Сот отырысына марқұм Ерасыл Әубәкіровтың әкесі де қатысты. Ол сот үкіміне риза.

Өмірбек Әубәкіров, Ерасыл Әубәкіровтың әкесі:

Сот үкіміне көңілім толады. Бұл үкіммен баламды қайтара алмаймын. Ештеңе істей алмасың. Алқабилер соты солай шешті.

Телефонға түсірілген бейнеде Ерасылды қинап жатқан Аян Мейірбаевтың жәбірленуші болып шыққанын көпшілік әлеуметтік желіде қызу талқылады. Алайда қорғаушы Тельман Аленов тергеу жұмыстары әділ жүргізілді деп отыр. 

Тельман Аленов, Астана қаласы адвокаттар алқасының мүшесі:

Сот нүктесін қойды бұл істің. Мен бір нәрсе айтқым келеді. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары объективті түрде болды. Сот отырысында әркім өзінің пікірін айтты. Оларға мүмкіндік берді. Мейірбаев сотқа басынан бастап да жәбірленуші ретінде келген. Оның кінәлі емес екеніне дәлелдер келтірілді. Басқа жағын білмеймін.

Саламат Омаш, тілші:

«Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету», «Адамды бостандығынан заңсыз айыру», «Адам өлтіру» және «Бопсалау» баптары бойынша айыпталғандар енді 15 тәуліктің ішінде қайта шағымдануға құқылы. Ал, 20 жылға сотталған Нұрбек Әжімбайдың анасы тіпті халықаралық сотқа жүгінетіндігін айтып, әділдік іздеуді жалғастыратынын айтты. 

Саламат ОМАШ