Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Л. Рах соты жалғасты

AstanaTV
21.10.2016ж. 20:00
2043
Л. Рах соты жалғасты

Адам ұрлады деп айыпталған Лилия Рах жауапқа тартылмауы мүмкін. Өзбек азаматы зорлық-зомбылықты белгілі сән әлемінің кәсіпкері емес, оның сыбайластары Мири Паз, Ислам Месиров пен Бақыт Шалабаев көрсеткенін мәлімдеді. Алмалы аудандық сотында болған отырысқа бейнекамерамен кіруге рұқсат етілмеді. Тілшіміз Айгүл Ермахан тарқатады.

Айгүл Ермахан, тілші:

Алғашқы сот отырысында сөз алған жәбірленуші Хамро Суванов сән әлемі кәсіпкерлерінен көрген қорлықты жайып салды. Қомақты қарыз бен бағалы әшекей бұйымдарын алып қайтара алмаған өзбек азаматын кәсіпкерлер қорқытуға көшкен. Айтуынша, олар жалдамалы пәтерлерге апарып, ас-су бермей, қараңғы бөлмеге 20 күн қамап қорлаған.

Бірақ адам ұрлады деп айыпталғандардың басты тұлғасы Лилия Рахты жәбірленуші кінәсіз деп отыр. Сән кәсіпкері 33 жастағы өзбек жігітінен алтындары мен ақшасын қайтару туралы әуежайда келіскен. Алайда ол пәтерге барып қорлық көрсетпепті. Алматылық кәсіпкер Лилия Рах "адам ұрлады" деген күдікке ілінген болатын. Қалалық ішкі істер департаментінің ақпарынша, ол  үш сыбайласымен 33 жастағы Өзбекстан азаматын ұрлап, зорлықпен ұстап отырған.

Гаухар Сәлімбаева, Л. Рахтың адвокаты:

Алғашқы сот тыңдауында да,  Хамро Суванов Рахқа қатысты материалдық та, моральдық та қояр кінәсі жоқ екенін айтқан болатын. Оны жәбірленушінің өзі қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады. Бүгінгі  сот отырысында  тағы да  кінәсіз екенін қайталады. Сондықтан Лилия Рахтың бұл істен кінәсіз шығуына толық мүмкіндігі бар.

Екі сағатқа созылған сот отырысының екінші жартысында жәбірленуші денсаулығының сыр бергінін айтып, судьядан сотты тоқтатуды сұрады. Соған сәйкес, келесі сот процесі 26 қазанға ауыстырылды. Ол кезде куәгерлердің көрген-білгендері тыңдалатын болады.

Айгүл ЕРМАХАН