Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Қызылжар өңіріндегі Ленинский ауылында малдан бруцеллез табылды

15.08.2023ж. 20:00
739
Қызылжар өңіріндегі Ленинский ауылында малдан бруцеллез табылды

Қызылжар өңіріндегі Ленинский ауылында малдан бруцеллез табылды. Ветеринарлар тексеріс жүргізіп, соңғы бірнеше аптаның ішінде 60 бас ірі қараны сойып тастаған. Соның салдарынан соңғы сиырынан айырылған жұрттың сала мамандарына өкпесі қара қазандай. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин қарашамен тілдесіп, жанайқайына құлақ асты.

Аққайың ауданындағы Ленинский ауылының жұртынан маза қашты. Тұрғындар былтыр ғана сап-сау болып жүрген малынан бірінен соң бірі айырылып жатыр. Соңғы бір айдың ішінде құзырлы органдар 60 басты сойып алып кеткен.

Гүлбақша СЫЗДЫҚОВА, ЛЕНИНСКИЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бітті міне. Алдында бір сиырым болды, оны әкетті. Енді міне екіншісін әкетті. Сонымен аузымыздан жырып, әкетіп жатыр. Енді қалай күн көретінімізді білмеймін. Жұмыс жоқ. Міне жалғыз пенсияға қарап отырмыз.

Ерсайын ОРАЗАЛИН, ЛЕНИНСКИЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мал ұстау оңай емес. Артынан жүру керек, шөбін шабу керек, суын беру керек, бәрін күреп жинау керек ол бір еңбек. Сонда қалай былтыр күзге келгенде бәрі әп-әдемі болды. Ал көктемде міне бәрін естіп жатсыз ғой.

Бруцеллезге шалдыққан малды ауыл тұрғындары қасапханаға тапсыруға мәжбүр. Ал шұжық жасайтын кәсіпорындар етті нарықтық бағадан әлде қайда төмен қабылдайды екен.

Александр ВАГНЕР, ЛЕНИНСКИЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Малда бруцеллездің белгілері байқалмайды. Біз сау малымызды арзанға тапсырып жатырмыз. Ірі қараның бір келісіне 800-1000 теңге ғана береді. Бұзаудың бағасымен алып жүр.

Құзырлы органдар ауру мал басқа жаққа сатылып кетпеу үшін бұл ауылға шектеу шараларын енгізді. Ал тұрғындарға мемлекеттен өтемақы төленетінін айтады.

Аманжол НҰРТАЗИН, СҚО ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

41 малдың иесіне өтемақы төленді. Ол шамамен 5.6 млн теңге. 30 пайыз облыс бюджетінен өтелсе, қалған 70 пайызды осы сою алаңында жұмыс істейтіндер яғни кәсіпкерлер төлейтін болады.

Жалпы жыл басынан бастап аймақта бруцеллез дерті 170 бас ірі қарадан табылған. Алайда былтырғы жылмен салыстырғанда аталған аурудың таралуы 4 есе азайған.