Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

"Тікұшақ, гауһар сақина, гүл шоғы": Сүйгеніңе заманауи сөз салудың құны қанша?

AstanaTV
29.08.2023ж. 10:06
952
"Тікұшақ, гауһар сақина, гүл шоғы": Сүйгеніңе заманауи сөз салудың құны қанша?

Қазір сүйгеніңе сөз салу адал махаббаттан бөлек қыруар қаржыны да талап етеді.

Жігіттер қауымы арасында «Маған тұрмысқа шығасың ба?» немесе «Marry me» деген жазуды төрге іліп, бойжеткенге көздің жауын алатын шоқ гүлдерді ұсынып, махаббат аспанын жарқырата түсетін отшашуды ұйымдастырып, гауһар тасты сақинаны саусағына салып тұрып тұрмысқа шығуға ұсынып жасау сәнге айналғаны қашан.

Осы ретте Алматы қаласында әр арудың арманындағы ұсынысты жасау жігіттер қауымының қалтасына қалай әсер ететінін Caravan.kz медиа порталының тілшісі зерттеп көрген еді.

Бүгінде үйленуге ұсыныс жасайтын кешті ұйымдастыратын орталықтар көп. Аталмыш орталықтар «Стандарт», «Премиум», «Вип» секілді бірнеше нұсқаны ұсынады.

Мәселен @svidanie_almaty ұйымдастыру орталығы ұсынатын «Стандарт» пакетіне «Тұрмысқа шығасың ба» деген жазу, майшаммен безендіру, әдемі әуен кіреді. Бұл нұсқаның құны 40 мың теңге. Дәл осы әдемілікке фонтан, Голливудтағыдай қызыл кілем, фото-видео түсірілім қоссаңыз қалтаңыз тағы 15 мыңға жұқарады. Мұны аз десеңіз, әдемі шарлармен безендіруді сұрап, 75 мың теңге төлесеңіз болғаны.

 Ал, егер махаббатқа мас болып болашақ жарыңызбен аспан астында қалықтағыңыз келсе, тікұшақ жалдасаңыз да болады. Тікұшақпен 20 минут серуеннің құны 110 мың теңгені құрайды екен.

Бүгінге дейін 700 қыз-жігіттің отау құруына септігін тигізген аталмыш ұйымдастыру орталығының қызметкері күніне бір емес бірнеше сөз салу салтанатын өткізетіндерін айтады.

«Бұл салада жұмыс істеп жатқанымызға 1 жылдан аса уақыт болды. Орташа есеппен күніне біздің ұйымдастыруымызбен 4-5 сөз салу өтеді. Тапсырыс берушілердің көбі құны 75 мың теңге тұратын вип пакетті таңдайды. Себебі, ішінде спецэффекты болады, оформление өте жоғары деңгейде жасалынады және сөз салып болған соң жұп біздің куполымызда отырып, әңгімелеседі. Сол себепті өте тиімді пакеттердің бірі», - дейді Ерқанат Еркінбек.

Сондай-ақ, ол тосыннан жасалған ұсыныс та өте ерекше болатынын атап өтті.

«Тосын сый ретінде жасалатын ұсыныстар қыздың ғана емес, біздің де есімізде ерекше сақталады. Солардың бірі - Қапшағайда болған ұсыныс. Ол өте ерекше ұсыныстардың бірі болды. Кездесудің басында қыз жай ғана кездесу деп ойлап қалған, сосын екеуі орнынан тұрып суретке түсіп жатқанда холодный фонтандар атылып, өте әдемі көріністе сақинаны ашылды. Жігіт ұсыныс жасағанда қыз жылап жіберген еді», - дейді ол.

Үйленуге ұсыныс жасау үшін тек ғана шоу-бағдарлама жеткіліксіз. Әдемі гүл шоғы мен алтын немесе гауһар таспен көмкерілген сақина да қажет. Оларды әркім қалтасына қарай алатыны белгілі. Десе де орташа бағаны есептеп көрелік. Мәселен, 55 розадан тұратын орташа букеттің бағасы 45000 теңге. Ал, алтын сақина 30000 теңгеден басталады. Сонда ең арзан деген ұсыныстың құны 115 мың теңгені құрайды екен.

Ал, әрі арзан әрі ерекше ұсынысты қаласаңыз ұшақ бортында да сөз салуға болатынын біле жүріңіз. Оның құны біз жоғарыда есептеген қаражаттан салыстырмалы түрде арзан болады. Мысалы, Qazaq Air әуе кемелерінің бортында болашақ жарыңызға естен кетпес ерекше ұсыныс жасаудың құны 5800 теңгеден басталады екен.

Ол үшін Flyqazaq.com веб-сайтында билеттерді брондау кезінде «Борттағы құттықтау» қосымша қызметін таңдайсыз. Бір сағаттың ішінде сізге әуе компанияның қызметкері қоңырау шалып, тапсырысты қабылдап, экипажға ұсынысты жібереді. Ұшу кезінде сізбен келісілген уақытта, бортсеріктер сіз сатып алған сыйлықтарды немесе гүл шоқтарын сыйлап, динамик арқылы ұсыныс жасап, құттықтайды. Ұсынысты ішкі және халықаралық рейстерде де жасауға болатынын ұмытпаңыз.

Біз заманауи ұсыныстың бірнеше түрін талдап көрсетуге тырыстық. Талғамға талас жоқ. Өміріңіздегі маңызды қадамды қалай жасасаңызда өз еркіңізде. Ең бастысы, өз отауын тігіп жатқан әр отбасы бақытты жанұялардың қатарынан табылғай.