Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Жетісу облысына 10 айда 2 миллион турист барды

24.11.2023ж. 20:00
1038
Жетісу облысына 10 айда 2 миллион турист барды

Жетісу облысына 10 айда 2 миллион турист барды. Қонақтардың басым бөлігі Алакөлде демалуды таңдапты. Бір жылда өңірдегі өнім көлемі 12 процентке өсіп, 695 млрд теңгеге жетті. Аймақтың экономикалық өсу қарқыны да жоғары. Әсіресе, құрылыс саласы жақсы дамып келеді. Бюджетке 165 млрд теңге құйды. Жетісудағы жаңа жобаларды Аружан Задабек жеткізеді.

Биыл Жетісу дәнді дақыл өнімінің көлемі бойынша республикада төртінші орынға шықты. Алдағы үш жылдың ішінде 1 млн. тоннаға жеткізуге мүмкіндігі бар. Қазір облыста ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін 120 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар 10 айда 70 млрд теңге болатын азық-түлік шығарған. Бастысы, биыл Президент тапсырмасымен үш жылдан бері жұмысы тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты толық жөндеуден өтіп, іске қосылды.

Бейбіт ИСАБАЕВ, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қызылшаны субсидиялау нормативі тоннасына 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл қант қызылшасының алқабын 2 есе көбейтіп, 8,5 мың га дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Биыл қант зауыттарына 330 мың тонна тәтті түбір өткізіліп , жыл соңына 42 мың тонна қант өндіру жоспарлануда.

Қазір облыста 535 кәсіпорын бар. Онда 26 мыңнан аса адам еңбек етеді. Биыл тағы 12-сі ашылып, 500 адам жұмыспен қамтылмақ. Өңірде 59 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 процентке көп. Нәтижесінде бюджетке 33 млрд теңге пайда түскен.

Бейбіт ИСАБАЕВ, ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, онда 110 мың адам жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Жалпы, өңірде шағын және орта бизнестің үлесі – 31%. Алдағы екі жылда бұл көрсеткішті 5-7%-ға арттыру жоспарланып отыр.

Облыс әкімі жыл соңына дейін 199,5 шақырым жол және 80 елдімекеннің ішкі көше жолдары жөнделеді, - дейді. Бұдан бөлек 358 елді мекеннің 323-і орталықтандырылған сумен қамтылады. Тағы 15 ауылда ауыз судың сапасын жақсарту жоспарланған. Газдандыру жұмыстары да жалғасады. 298 мың адам табиғи отынға қол жеткізеді.