Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

"Анам мен әйелім – нөмірі бірінші жанкүйерлерім": Асхат Тағыберген жеке өмірі туралы айтты

AstanaTV
30.11.2023ж. 21:14
784
"Анам мен әйелім – нөмірі бірінші жанкүйерлерім": Асхат Тағыберген жеке өмірі туралы айтты

"1001 түн" бағдарламасында қонақ болған футболдан Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген жеке өмірі туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Qazaqstan арнасының Youtube-тағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Әйелімнің парақшасына жазып жатқан жанкүйерлерге көп рахмет. Әлеуметтік желіде жоқпын. Ондайды өзім ұната бермеймін әрі қызықпаймын. Ел алдындағы тұлға болғандықтан, кішкентай болсада отбасым, жеке өмірім құпия болып қалсыншы деп ойлаймын. Жігіттер фан-парақшалар көп дейді. Осы бір-екі жылда Қазақстан футболын Еуропада танытып жатырмыз. Халыққа рух сыйлап, қазақ жігіттері футбол ойнай алатынын дәлелдеген сияқтымыз. Хейтерлерге мән бермеймін. Ауыр сөздерді естісем бір күн біртүрлі болып жүремін де, алаңға шыққаннан кейін оның бәрін ұмытып кетемін", – деді Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны.

Асхат пен әйелі Махаббат 10-сыныптан бері бірге. Айтуынша, Махаббат кездесіп бастағанда футболды мүлде түсінбеген.

"Қазір анам екеуі – нөмірі бірінші жанкүйерлерім. Футбол туралы барлығын біледі. Біздің қалай дайындалатынымызды, қалай ойнайтынымызды біледі. Мен ойнаған кезде болжам жасамайды. Командамның жеңетініне сенеді", – деді футболшы.

Асхат Тағыберген Махаббатты үйге келін қылып әкелген кезде анасы неліктен қайтарып жібергенін айтты.

"Жасымыз 17-18 шамасында еді. Мектепті енді бітіргеннен кейін ол Астанаға оқуға түсті, мен Қызылордадамын. Алыста жүріп қиналып кеттік те, үйленеміз деп шештік. Мен әлі футболшы емеспін, екінші құрамда ойнап бастадым. Бір күні екеуміз түнде үйге кіріп келгеніміз бар.
"Асхат, келінді қай жерге әкелеміз? Екі бөлмелі үйде тұрамыз. Шамалы кеңейіп, жағдайымызды жасайық" –деді анам. Екеуміз көңіл-күйіміз түсіп, сыртқа шықтық. Десе де қазір бала-шағалымыз, кішкентай ғана бөпеміз бар", – деп еске алды спортшы.

Асхат пен Махаббаттың отбасылы болғанын биыл 11 жыл толды. Тағыбергендер отбасы екі қыз, бір ұл өсіріп отыр.