$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шымкентте оқ тиген ломбард қызметкерінің жағдайы әлі де ауыр

AstanaTV
31.01.2017ж. 20:00
3154
Шымкентте оқ тиген ломбард қызметкерінің жағдайы әлі де ауыр

Шымкентте оқ жарақатын алған ломбард қызметкерінің жағдайы әлі де ауыр. Әйтсе де науқас бүгін палатаға ауыстырылды. 32 жастағы жәбірленуші жиырма күннен бері жансақтау бөлімінде жатқан еді. Кассир болып жұмыс істейтін ол кеуде қуысы мен ішкі құрылыстарына оқ тиіп, ауыр жараланған. Күрделі ота жасалған әйелдің қазіргі жағдайы бірқалыпты. Дегенмен толығымен оңалып кете қойған жоқ, - дейді дәрігерлер.

Талғат Шәуенов, Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасының дәрігері:

Өкпесі, диафрагма, бауыр, ұйқы безі, асқазаны, ішектері - осылар жарақат алған. Оқ-қару жарақатынан кейін, осложнение дейді ғой, асқыну қаупі болады өте жоғары. Сондықтан осы қауіптерді біз алдын алуға әрекет жасап, емін жүргізіп жатырмыз.

Күдікті әлі ұсталған жоқ. Іздеу шаралары жүріп жатыр. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, оқыс оқиға 11-қаңтар күні болған. Бетперде киіп көзілдірік тағып алған күдікті шолақ аңшы мылтығымен қаладағы ломбардтардың біріне баса-көктеп кіреді. Касса қызметкерін  қорқытып, алтын бұйымдар мен ақша беруін талап етіп, оқ атқан. Алайда тонап үлгерместен оқиға орнынан қашып кетеді. Ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзованың айтуынша, сол сәтте ломбард ішінде үш әйел адам мен бір күзетші болған. Соңғысы өзінің тапаншасын пайдаланып та үлгермеген. Осы жәйтке қатысты екі бірдей баппен іс қозғалып, тергеу жалғасуда.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД ресми өкілі:

Арнайы топ құрылған, осы ауыр қылмысты ашуға бағытталған. Негізінде бірнеше болжамдар бар. Іздеуге жарияланған азамат шамамен 25-35 жас аралығында, азият нәсілді. Осы жәйтқа байланысты ҚР ҚК 24 прим 99 ол «адам өлтіруге оқталу» бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі амалдар жалғасып жатыр.