Енді банкте бірнеше несиесі барлар да автонесие ала алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі шарттарды өзегртпек. Ол қашан жүзеге асады? Толығырақ "Экономика" топтамасында.
Жаңа темір тұлпар тізгіндегісі келіп жүргендердің құлағына алтын сырға. Енді бірнеше кредитіңіз болса да, автонесие ала аласыз. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірнеше өзгеріс енгізбек. Қаулы қабылданса, банктер несие жүктемесінің коэффициентіне қарамайтын болады. Тек соңғы 6 айдағы банкке берешегіңіздің төлемдерін тексереді. Барлығы талапқа сай болса көлік кепілге қойылып, қарыз алушыға беріледі. Егер несие өтелмеген жағдайға кепілге қойылған машинаны сату арқылы қарызыңызды жабасыз. Жауаптылар бұл жайт отандық автомобиль өндірісінің дамуына үлес қосады дейді. Сатылым да артатынына сенімді. Аталған өзгеріс қазір талқыланып жатыр. Айта кетейік, сала министрлігі 2027 жылға қарай 200 мыңға жуық көлік шығаруды жоспарлап отыр.
Қазір көпшілік кәсіп бастаса бірден банкке жүгінетін болды. Бизнесін дөңгелету үшін несие алады. Биыл наурыз айында кәсіпкерлерге 1,3 трлн теңге қарыз берілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайыз артық. Жалпы бизнес субъектілерінің банкке берешегі 11 трлн теңгеден асады. Ал халықтың 17,5 трлн теңге қарызы бар. Оның 5жарым трлн теңгесі ипотекалық, 11 трлн теңгеге жуығы тұтынушылық қарыз. Алмақтың да салмағы бар. Несібесін несиеге байлап, кейіннен төлей алмай жүргендер көп. Олардың қарызы 929 млрд теңгеден асқан. Экономист Бауыржан Ысқақ қаржы ұйымдары халыққа тұтынушылық кредитті беруін азайту керек дейді.
Бауыржан ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:
Жалпы біздің Ұлттық банктің банктік саясаты өзгеруі керек. Яғни екінші деңгейлі банктердің 70 пайызға жуық қаражаты экономиканы дамытуға бағытталуы керек. Шағын және орта бизнес, өңдеуші, өндіруші секторды. Жалпы экономикаға ақша алып келетін салаға қарай бағытталу керек. Тек қана 30 пайызбен біздің тұтынушылық несиелерімізді, яғни, телевизор сатып алу, телефон деген сияқты.
Елімізде жерлеу қызметінің орташа құны 13 пайызға өсті. Жекелей алғанда Батыс Қазақстан облысында 39 пайызға, Абай мен Ақмола облысында 30, Шымкентте 10 процентке көтерілген. Негізінен баға көп жағдайда сұраныстың артуы салдарынан қымбаттайтын. Бірақ сарапшылар елдегі елдегі өлім-жітім соңғы бір жылда 3 пайызға, жерлеу қызметтерінің жалпы көлемі 43 пайызға азайғанын айтады. Бағаның шарықтауына коммуналдық қызметтер бағасының өсуі себеп дейді мамандар.