Тараздық дәрігер 85 ке келсе де әлі күнге дейін жүрекке ота жасап, күрделі операцияларға қатысып келеді. Сейітхан Жошыбаев- елімізге танымал кардиохирург. Осы жасына дейін ол 3 мыңға жуық адамды өлімнен арашалап қалды.
Жүректерге жол тапқан кардиохирург Сейтхан Жошыбаев еңбек жолын 63 жыл бұрын Қырғызстанда бастапты. Сол елде білім алып, алғашында 5 жыл хирург болып жұмыс істеген ол кейін, Мәскеуге 3 жылдық аспирантураға оқуға түседі. Содан бері тек жүрек дертін емдеп, бүгінге дейін 3 мыңнан аса сәтті операция жасаған.
Сейітхан ЖОШЫБАЕВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, АКАДЕМИК:
Ақ халатты киіп врач боламын, осы елге жәрдем беремін дегеннен кейін, ол менің міндетім. Оған біреуге осындай мен жасадым деп айтуға болмайды. Осы білгенімді осы жетістігімді басқа елге қалдырсам, артымда із қалса екен.
Атақты академик Әулие ата өңірінде дүниеге келген. Туған жерге қызмет етуге 2007 жылы оралыпты. Ол кезде жүрекке ота жасайтын дәрігер оңтүстік өңірде болмады. Сөйтіп аймақтан алғышты кардиохирургия орталығын ашты. Жүзге жуық шәкірт тәрбиеледі.
Зафар РОЗБАЕВ, КАРДИОХИРУРГ:
Жұмысқа келген күннен бастап, біздің кардиохирургия саласындағы маман болып қалыптасуымызға тікелей себебін тигізген. Дәрістерінен өзінің әлі күнге үйреткен сабақтарынан бөлек бізді осы орталықтың мынау қазіргі таңда жоғарғы деңгейде болуын, қалыптастыру үшін шетелдерге оқуға көп жіберіп отырды.
85 жасқа келген дәрігер әлі күнге дейін күрделі операцияларға қатысып, өз қолымен ота жасайды. Өзі ашқан орталықта жылына 250 операция жасалып, мыңға жуық адам ем алады. Науқастардың ең егдесі 90 жастағы қария болса, 1 жас, тіпті 2-3 күндік шақалақ сәбидің де жүрегінде ақау болады екен. Дертіне дауа-еміне шипа тапқан жандар Сейітхан ақсақалған алғыстан басқа айтары жоқ.
Ұлжан ХУБИЕВА, МЕРКІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қазір операциядан кейін баламның жағдайы жақсарды. Салмақ қосып дамуы жақсы болып келе жатыр. Осындай мықты мамандарды тәрбиелеп шығарғанына Сейітхан Жошыбаев атамызға рақмет айтамын.
Қарт хирургтың мақсаты бар білгенімен бөлісіп, дәрігерлер дайындайтын халықаралық академия ашу. Ал екі мың жылдық тарихы бар аймақта ақ халаттыларды оқытатын жоғарғы оқу ордасының жоқтығы жаныма батады дейді.