Қазақстан аумағында интернет-казинолардың қызметін жарнамалаған өзбекстандық блогерге халықаралық іздеу жарияланды. Қаржылық мониторинг агенттігі «Маха.dxb» бүркеншік атымен танымал Махмуд Умидович Хикматов құмар ойынды насихаттады деген күдікке ілінгенін мәлімдеді. Сот оны қамауда ұстауға санкция берді. Ол қазақстандық 35 танымал инфлюенсерді заңсыз казино қызметін насихаттауға тартқан. Хикматов блогерлердің статистикасы мен аудиториясын зерттеп, соған сай ақы ұсынған. Оның ішінде жақында Вьетнамнан экстрадицияланған Қайсар Қамза да бар.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГІ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қазақстан аумағында интернет-казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасайтын тұрақты жүйе құрылған. Осы жүйе арқылы интернет-казино интерфейсі ұсынылып, ақша қабылдау және төлеу жолға қойылған. Ол үшін эквайринг, мобильді төлемдер мен криптовалюта пайдаланылған. Сондай-ақ ел азаматтарын құмар ойындарға көптеп тарту мақсатында жарнама таратылған. Іздеудегі адамның қайда жүргені туралы қандай да бір мәлімет білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарлауыңызды сұраймыз.