$455 €498.77 ₽5.56

Үй ауласын топырақ басып қалды: шымкенттік тұрғын шағымданды

Үй ауласын топырақ басып қалды: шымкенттік тұрғын шағымданды

Шымкентте  жеке тұрғын үйді топырақ басып қалды. Баспананың дәл іргесінен жол салынып жатқан көрінеді. Мердігер компания құрылыс материалдарын айналаға үйіп тастапты.  Тау болған топырақ енді тұрғындарға қауіп төндіріп тұр. 

Қазығұрт мөлтек ауданының тұрғыны Әбдірахман Жорабековтың үйі  А-2 айналма жолының төменгі жағында орналасқан. Алайда маңызды жолдың құрылысы басталғалы проблема басталды дейді.  Үлкен жолды салу кезінде оның үйінің іргесін топырақ басып қалған.

АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Тау болып үйілген топырақ мына терезе дейін жеткен. Үй иесі оны өз күшімен тазартқанын айтады. 1,5 метр биіктіктегі топырақты аршу оңайға соқпаған.

Бір жеті ішінде тау қылып топырақты үйгендер   оны тазалап, үй маңын аршуға келгенде сағыздай созып жүр дейді Әбдірахман.  Мердігерлер бұл маңды тазалап, бетонмен бекемдеп береміз деп уәде еткенімен асығар түрі жоқ көрінеді.   

ӘБДІРАХМАН ЖОРАБЕКОВ, ҚАЗЫҒҰРТ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әлі құрғақ уәдемен келе жатыр. Алдымыз қыс. Ертерек  неғылса. Ертеңгі күні жаңбыр, қар жауып кетсе есігімнің алды батпақта қалай құйылады деген мәселе. +Одан бөлек мына биік топырақтың сырғитыны бар жаңбырда. Сол мәселелерді ертерек шешіп берсе екен.

Бұл тұста топырақ төгу тамыз айында басталған дейді тұрғындар. Содан бері қаншама ауыр техника нығыздау жұмыстарын жүргізгендіктен баспанамыздың қабырғалары  қақырады деп отыр. Ал үйілген топырақ қоршауына әлі тақалып тұрған тағы бір тұрғын  жаңбыр суы төтесінен құйылып жатқанын айтады.

ДАНА АНДАСОВА, ҚАЗЫҒҰРТ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйген топырақ мына біздің шлакоблокпен бірдей. Кешегі кішігірім жауған жаңбырдың өзі міне өтіп, кухнямызға кіріп жатыр. Кухнямыздан да өтіп жатыр. Оны ұстап тұрған мына дуал ғана. Біздің қорқып жатқанымыз жаңбыр жауа берсе мына дуалдар құлайды. Оны ұстап тұрған мына кішігірім ғана стена. Ол ұстай алмайды жаңбыр жауа беретін болса. Ылғалданып жатыр дуалдарымыз. Кухнямыздың бәрі суға толып жатыр, лайға толып жатыр.

Тұрғындар бұрынғы ескі жол үйлерінен 20 мердей алшақ болғанын айтады.   Сол кезде талай көлік сайға қарай аударылған деп еске алғандар қазір тіпті қорқып отыр.  

БАҚЫТ ӘБІЛДАЕВ, ҚАЗЫҒҰРТ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жолда енді салынып жатқан жолда авария болуы мүмкін, мына үйімізге қауіп келтіруі мүмкін. Сол жағы да бар да бізге қауіп. +Аман-есенімізде бізді бұл жерден көшірсе екен. Сносқа кетірсе екен. Біздер соны сұраймыз.

Мердігер мекемеме өкілі барлық жұмыс талапқа сай жасалды дейді. Ережеге сәйкес әуелі топырақ үйілгенін айтады.

МАҚСАТ МАРАТБАЙҰЛЫ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:

Бірінші топырақты көтеріп алмай подборный стена құя алмаймыз. Бізге сметада негізі берілмеген. Сөйтіп біз ұсыныс бердік. Бұл кісіге де келіп айтқанбыз, топырақ түсіп жатыр, заборыңызды да құйып береміз, мына жұмысты бітіріп алғаннанк ейін тазалап беріп кетеміз дегенбіз. Сөйтіп біз транспорт бөліміне ұсыныс беріп, қазір біздің ұсынысымызды қолдады. Енді бірінші үйден үшінші үйге дейін түгелімен подборный стена құйылады. Қауіп болмайды.

Бұл жерге биіктігі- 6 метр, ені-50 см қалыңдықтағы  ұзындығы 300 метр болатын бетон тіреуішті бірер күнде құюды бастаймыз деп уәде беріп отыр мердігер. Ал тұрғын үйдің қабырғасы іргетасынан бастап қақырауын сараптама арқылы дәлелдеу керек деп жауап берді.