Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Тойота Сити» орталығында көлікке тапсырыс берген 13 адам полицияға арызданды

AstanaTV
26.04.2018ж. 20:00
3023
«Тойота Сити» орталығында көлікке тапсырыс берген 13 адам полицияға арызданды

Ақша да, көлік те жоқ. Алматыда элиталық автокөліктер сататын «Тойота Сити» орталығымен келісімшарт жасаған 13 адам полиция арызданған. Атақты компанияның Алматыдағы менеджерлері алаяқтық жасаған деген күдік бар. Тұтынушылар миллиондаған ақша төлеп, бағалы көліктерге тапсырыс берген. Алайда келісімшарт жалған болып шыққан. Мән-жайды Ришат Асқарбекұлы анықтауға тырысты.

Жапондық «Тойота» компаниясының Алматыдағы диллері Алматы-Құлжа тас жолының бойында орналасқан. Ақылбек Мұқаметшеұлы 5 сәуірде осы салоннан көлікке тапсырыс берген. Оның айтуынша, менджер көліктің 9 күннен соң Алматыға жеткізілетінін айтып, 22 млн теңгесін төлеткен. Уағдаласқан уақытта келген тұтынушы автосалон қызметкерін таппапты. Ал қолындағы екіжақты келісімшарт жарамсыз деп танылған.  

Ақылбек Мұқаметшеұлы, зардап шегуші:

Енді менің ойымда ештеңе болған жоқ. Базарға немесе барахолкаға келіп отырған жоқпын ғой. Үлкен, аты сыйлы, ел білетін мекеме. Жарайды дедім де, ақшаны бердім. Ол маған құжаттарды әкеліп берді. Чек қайда деп едім, бізде кассалық аппаратпен проблема болып жатыр деді. Үлкен мекеменің жұмысшысы болған соң, жаман ой болған жоқ.

Төлем де, келісімшарт та автосалонның ғимаратында жасалған. Алайда орталық әкімшілігі жауапкершілікті өздеріне алудан бас тартып отыр. Тіпті олар да әлгі менеджерден алданып қалғандарын айтып, полицияға арыз жазған.

Дастан Жақынов, «Тойота Сити» авто орталығының заңгері:

Біздің компанияға қатысты алаяқтық әрекеттің болғанын растаймыз. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Тергеу құпиялығына байланысты басқа ақпарат бере алмаймыз. Біз тұтынушылар алдындағы өз міндеттерімізді белгіленген тәртіпке сай жүргізіп жатырмыз.

Республиканың түкпір-түкпірінен көлік сатып алуға келген бірнеше адам осындай жолмен алданған, дейді Ақылбек. Олардың көбі қалалық ішкі істер департаментіне шағымдарын қалдырған.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Қазір бұл іс бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қалалық ІІД мәліметінше, 13 адам арыз жазған. Бірақ осы іске күдікті делінген адамдардың ешқайсысы әлі күнге қамауға алынбаған.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

Қылмыстық кодекстің 2 бабы бойынша іс қозғалды, алаяқтық және бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін қолды қылу деректері бойынша. Қазір күдікті адамдар айқындалып, оларды тергеп-тексеру жұмыстары жүзеге асырылды.

Жапа шеккен азамат келісімшартта орталық директорының қолы мен мөрі басылғанын айтады. Соның негізінде сотқа да арызданбақ. Қомақты қаражат төлегенін дәлелдеуге салондағы бейнекамера жазбалары көмектеседі деген үмітте. Ал ішкі істер департаменті шағымданушылардың көбеюі мүмкіндігін жоққа шығармайды. Құқық қорғау органы өкілдері мұндай алаяқтыққа тап болғандардың полиция арыздануын сұрайды.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ