$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Милы бастар», ғылым мен өндіріс егіз ... емес...

AstanaTV
27.02.2016ж. 20:00
2651
«Милы бастар», ғылым мен өндіріс егіз ... емес...

Әлібек Датбаев есімді қазақстандық программистің бағдарлама құраушының Амстердамдағы Booking.com  фирмасына жұмысқа орналасқаны туралы Tengrinews.kz. жазды. Отельдерден орын сайлап қоюмен айналысатын әлемдігі ірі сайт.  Ол бірнеше сынақтан өткен, мысалы, 75 минут ішінде шешу керек 4 есеп Skype арқылы берілген. Оларға дұрыс жауап қайтарған.Одан кейін Амстердамға 5 сағаттық әңгімелесу түріндегі сынаққа шақырылған, одан да өткен. Порталдың жазуына қарағанда, Әлібек мұның алдында АҚШ-та Силикон алабында жұмыс істеген, былтыр елге оралып, үйленіп, Алматыда тұрған. Енді міне, Амстердамнан жұмыс тауып алды. Қазір компания оның жұбайына да жұмыс іздеп жатыр екен және голланд тілін тегін үйренеді. Себебі компания  курстың ақшасын төлейді. 28 жастағы Әлібек сияқты басқа да «басы істейтін» азаматтардың дамыған елдерге кетіп қалып жатқаны, кеткісі келетіні шын. Оларды жазғыра алмайтынымызды талай айттық – лайықты жалақы төлемеу мен шын бәсекенің жоқтығын қайда қоямыз?

Әйтеуір «үміттер қоламтаға айналған жоқ» деп ...үміттенетін дүниелер бар. Мысалы, тағы сол Tengrinews.kz. жазуынша, Асхат Ахметжанов есімді тағы бір қазақстандық Facebook компаниясында, онда да компания жетекшісі Марк Цукербергпен бірге Калифория штатындағы бас офисінде жұмыс істейді. Былтыр күзде тұрған. Ол әріптестерінің 99 пайызын «супер ақылды адамдар» деп сипаттаған. Жалақы, бонус, акциялар туралы,  пайдалы тамақпен тегін қамтамасыз ететінін, спортпен айналысқаныңа да ақша төлейтінін айтқан. Ең бастысы – тәжірибе жинап алғасын, елге қайтам дегені...

Енді  көпшілік онша біле бермейтін, «солар немен айналысады осы» дейтін Алматыдағы «Алатау» технопаркі туралы Айгүл Ермаханның репортажы. Мысалы, ондағы бір фирма сандық телевидение үшін күніне 1000 қондырғы шығарады. Олар отандық нарықтан қытайлық компанияны ығыстырып шығарған. Негізі әңгіме тек технопарк туралы емес. Себебі бізде ғылым мен өндіріс егіз емес...  

Бұл Алматы қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан Алатау кентіндегі инновациялық технологиялар паркі. Президенттің жарлығымен 2003 жылы бой көтерген болатын. Тұсауы кесілген бойда мұнда отандық және әлемнің ақпараттық технологиялар компаниялары келіп жайғасты. Бүгінде олардың саны 150-ге жетті. Тең жартысы шетелдік компаниялар. Бәсекеге қабілеттігімізді арттыруға ықпал етеді деген бұл мекен ауыз толтырып айтар не тындырды?- деген сауал тастайтын кез жеткен сыңайлы.

Диас Мұтақов,  «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы-экономикалық аймағының мониторинг бойынша менеджері:

Бүгінде заң бойынша елімзде екі инновациялық кластер бекітілген. Алғашқысы Астанадағы  Назарбаев университеті , екіншісі  осы Алматыдағы инновациялық технология паркі. Сондықтан ең қызықты инновациялық тың жобалар алдымен осында келіп түседі. Бүгінде заңды тіркелген 150 компания ақпараттық технология, телекоммуникация саласында жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, ЭКСПО көрмесіне аз уақыт қалды. Баламалы қуат көздерін кеңінен қолданысқа енгізу және мұнай өңдеуді тереңдету мәселелерін шешу қажет. Тағы бір тоқталатыны - мұндағыларға салықтық жеңілдік жасалған. 

Мемлекеттің қолдауын жақсы пайдаланғандардың бірі де бірегейі - Еltex Аlatau» компаниясы. Бастапқыда  телекоммуникациялық қондырғыны шығару үшін аспан еліне тәуелді болған ұжым  жуырда  отандық нарықтан Қытайдың ірі корпорациясын ығыстырып шығарды. Компания күніне сандық телевидениеге арналған 1000 қондырғы шығарады.

Данияр Ахмадиев,  «Еltex  Аlatau» компаниясының коммерциялық директоры:

Біз Қазір Қытайдың «Хуавей» компаниясымен өнімдерімізді теңестірдік. Қазір өнімдерімізді  Өзбекстан, Иран, Тәжікстан мен Қырғызстанға экспорттап отырмыз. Біздің өндірістен шығып жатқан Айди тиви қондырғылары қазір әрбір дерлік үйдегі теледидардың сапалы көрсетіліміне жауап береді.

Әйткенменде ұжымның  бір әттеген-айы бар...

Данияр Ахмадиев,  «Еltex  Аlatau» компаниясының коммерциялық директоры:

Шешімін күтіп тұрған бір мәселе бар. Тауарларымызды шетелге экспортқа шығарар кезде  созылып бітпейтін құжатбастылыққа тап боламыз. Өнімімізді алдымен өзімізде, сосын өзге елде сертификациялау тым ұзаққа созылады.

Ал 2006 жылы  нарыққа енген «Алстрон телеком» компаниясы мұндай кедергілердің түйінін тарқатып үлгеріпті. Мұнай ұңғымаларының техникалық  жағдайын бақылап отыратын  ақпараттық жүйелерді ойлап  тауып,  ел нарығын импортқа деген тәуелділіктен арылтты. 

Илья Скрамовский, «Алстрон Телеком» компаниясы директорының  бағдарламалық қамту және жаңа қондырғылар бойынша орынбасары

Біздің ақпараттық қондырғы импорт тауарларды алмастырды. Құны да әлдеқайда төмен. Халықаралық нарықтағы өнімдерден асып түспесе, кем емес. Бүгінгі күні біз «Қазгермұнай» компаниясымен қоян-қолтық жұмыс істеудеміз. Оннан астам алыстан басқарылатын жүйелерімізді орнаттық.  Барлығын осы технология паркінде іске асырып жатырмыз.

Инновация ауылы әлемдік тәжірибеге сәйкестендірілген. Парктің ішкі құрылымын дамыту аясында серіктес компанияларға телекоммуникациялық, логистикалық, білім беру және басқа да қызметтер көрсететін сервистік компаниялар құрылған. Тіпті «халыққа қызмет көрсететін орталық» та бар. Ол тек  компания ұжымына қызмет көрсетумен шектелмеген.  Шағын Алатау ауылының тұрғындарын да қалаға сабылтпай, құжаттарын рәсімдеп отыр. 

Диас Мұтақов,  «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы-экономикалық аймағының мониторинг бойынша менеджері:

Экономиканың кілті -  инновацияда. Президент бәсекеге қабілеттті 50 елдің қатарына қосылу үшін инновацияны дамытуды мықтап  тапсырды. Біздің парк кәсібін дөңгелеткісі келген компаниялардың біразының бизнесін бүгінгі күні жолға қойды.

Алайда жалпы ел бойынша сараптасақ, экономикаға  серпін беретін инновациялық жобаларға өндірістен сұраныс аз. Ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс әлсіз.

Әли Әуезов,  Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ғылыми технологиялар паркі көмірсутек және оның орнын толтыратын шикізаттарды өңдеу зертханасының меңгерушісі:

Бізде талай технологиялар жасалды. Жоғарғы сапалы резина техникалық бұйымдар алу, синтетикалық майлар алу және  мынау өсімдік майларын  алу, кулинарлық майлар алу соған арналған катализаторлар жасалды. Бірақ олардың барлығы өндіріске ендірілген жоқ. Оны сұрап жатқан бізден ешкімде  жоқ. Өзіміз барып, мынаны бүйтейік, сөйтейік деп өндіріс орындарына барып айтамыз. Олардың рұқсатын алғанша да талай уақыт өтеді.

Өндірістен ұсыныс күтіп жүргенде экономикаға қажетті тың жобалар "сөрелерде шаң басуда".

Әли Әуезов,  Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ғылыми технологиялар паркі көмірсутек және оның орнын толтыратын шикізаттарды өңдеу зертханасының меңгерушісі:

Жаңалық полкада қалып қалса ол бұл жаңалық ешкімге де керек жоқ. Немесе оны өзіңдікілер пайдаланбаса басқа біреу пайдаланады. Оны пайдаланып жатыр ма, оны да білмейміз. Сондықтан өзімізде патентті алғаннан ол өндіріске бармайтын болса онда патенттің қажеті де жоқ.

Ал, өндірістен сұраныс болса, Қытайдағы  қандасымыз  Зейнехалық Сәкенұлы тың жобаларының біразын тегін беруге даяр. Олардың қатарында жылжымалы сахна, көліктерге арналған жаңа тежегіш, пультпен басқарылатын заманауи терезе  және жүк көлігіне орнатылған үй жобалары бар.

Зейнехалық Сәкенұлы өнертапқыш:

2017жылы  қазақ елі әлемдік үлкен ЭКСПО деген қимылға отағасы ел болып отыр. Осы бағытта Қазақстанда да қазақтан шыққан ғалымдар, мамандар, инженерлер, техниктер әрине көп деп ойлаймын. Бұл жөнінде көптеген жұмыстардың істеліп жатқаны шындық. Менің ойым мен шетелде жасап жатқан басқа бір мемлекеттің азаматы болсам дағы мен қазақ болғандығым үшін осындай бір әлемдік үлкен қимылдың қазақ елінде жүргізіліп жатқандығына мен өте қуанамын. Осыған мен егер керек болсам осыны тегін сыйға тартсам ба деген ойым бар.

Осылайша, көптеген ғылыми зерттеулер өнертапқыштардың зертханаларынан аспай жатыр. Әйтсе де  Білім және ғылым министрлігі  қол қусырып отырмағандарын айтады - шетелдегідей ғылымды коммерцияландыруды қолға алыпты.

Тахир Балықбаев  ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi: 

Тәжірбиелік үлгіден өндіріске дейін жету үшін сол арада қосымша қаржы қажет. Сол себепті біз мынау жүниежүзілік банкпен бірге технологияларды коммерцияландыру деген жоба жасадық.  Іске асырдық. Бес жыл бойы біздің 65 жобаның 40 қазір тікелей саудаларға жетті. Дәл сол жобаның жалғасы ретінде алдағы 5 жылда да біз осы мынау тиімді инновацияларды бағалау туралы жоспар басталып жатыр. Биылғы жылдан бастап тағыда 88 млн АҚШ доллары қаржысын дүниежүзілік банк несие ретінде беріп отыр. Бұл несиемен соны ғалымдарға беріп мүмкіндіктерін көтеруге пайдаланамыз.

Болашақ инновациялар, жаңа технологияларда екенін  ұмытпайық дейді білімділер.  Себебі табиғи байлық мол болса , бірақ инновациялық ізденіс пен даму болмаса, ондай ел төменгі күнкөріс деңгейінде қалады. Экнономикасы ғылымға негізделген мемлекеттер арзан тауар жасап шығарып, бар пайданы өздеріне қарай бұрып әкетеді. Сондықтан ғылыми жаңалықтарды уақытында қаржыландыру өте тиімді, өте маңызды. Өйткені мемлекеттің омыртқасы іспетті шағын және орта бизнесті де өркендететін дәл осы фактор.

Айгүл Ермахан «Біздің уақыт».