Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Алматыда спорт және туризм академиясына грантқа түсе алмаған талапкерлер ата-аналары нарызылық білдірді

AstanaTV
13.08.2018ж. 20:00
12092
Алматыда спорт және туризм академиясына грантқа түсе алмаған талапкерлер ата-аналары нарызылық білдірді

Спорт саласына бөлінген білім гранттары спортшыларға бұйырмады. Түрлі сайыстарда топ жарып жүрген талапкерлердің ата-аналары осылай деп наразылық білдірді. Жас спортшылар гранттан неге қағылды? Олжас Нұржақып не өзгергенін анықтады.

Аяулым - кәсіби баскетболшы. Айналысып жүргеніне 7-8 жылдай болған. Содан бері талай республикалық жарыстарда топ жарыпты. Алматы облысының қыздар құрамында өнер көрсетіп жүрген бойжеткен тіпті ұлттық құрамаға да үміткер. Бірақ оқуға түсуіне бір ғана балл жетпей қалған.

Аяулым Тілеубай, талапкер:

Общий 115 балл алдым. 1 балл жетпей қалғандықтан, түсе алмай қалдым. Алдағы уақытта үміт артып отырған жандардың үмітін ақтап, Қазақстанның туын әлемге танытқым келеді.

Жанар Омарбекова, ата-ана:

Үйіміздің бір қабырғасы толған медаль. Соған қарап көршілер айтады, мынадай медальмен, мынадай көрсеткішпен қалай түспей қалды грантқа деп. Соған шырылдап келіп отырмын. Көрсеткіштеріне неғып қарамайды. 

Академия алдына жиылған ата-аналардың айтары бір. Балаларының спорттағы жетістіктері ескерілмесе керек. 3 жасынан волейболмен айналысқан Қанағат Халықтың ұлы да грансыз қалған.

Қанағат Халық, ата-ана:

Бала спортқа деп бейімделіп, өзі осыны таңдаған. Енді 109 балл алдық. Бірақ грантты кішкене бөлсе екен деп сұраймыз бізБалалардың сағын сындырмаса екен деп сұраймыз. Ары қарай осы спортты қуаласа. Осы Қазақстанның бір дәрежелі спорт шебері болса. Ары қарай ел үшін намысын қорғаса деп сұраймын.

Олжас Нұржақып, тілші:

Биыл спорт және туризм мамандығы бойынша бөлінген 450 білім грантының тең жартысы осы академияға тиесілі. Асығы алшысынан түскендер осында білім алады. 40 грант мүмкіндігі шектеулі жандарға бұйырады. Ал оқуға түсе алмағандарға оқу орны сәл де болса жеңілдік жасағалы отыр. Бірақ оның саны да шектеулі.

Оқу орнының басшылығы осы жылы мыңнан аса талапкердің білім гранты үшін таласқа түскенін айтады. 450 гранттың 107-ін спортшылар иемденсе, 343 орынды дайындық шеберлігі төмен немесе спортқа мүлде қатысы жоқ балалар иемденіпті.

Мұхтар Есқалиев, Қазақ спорт және туризм академиясының бірінші проректоры:

Жеке пікірім ол, әрине, спортшылардың түскені дұрыс. Өйткені білім бағдарламасы соған сәйкестендірілген. Академиялық немесе ректордың гранты деген осындай ұғым қалыптасқан. Ондай бізде де бар. Еліміздің мәртебесі үшін тер төгіп жүрген спортшыларды міндетті түрде қолдаймыз. Әрине, оның саны шектеулі болатыны сөзсіз.

Проректор даудың шығуына биыл заңға енгізілген өзгеріс себеп болды отыр. Бұған дейін спортта жетістікке жеткен жастарға басымдық берілсе, биылдан бастап барлық талапкердің дәрежесі тең қаралады. Сондықтан спортта емес, оқуда озат болған балалардың бақтары жанып отыр.

Олжас НҰРЖАҚЫП