Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Сауд Арабиясы ірі мұнай компаниясын IPO-ға шығарады

AstanaTV
08.01.2016ж. 20:00
1403
Сауд Арабиясы ірі мұнай компаниясын IPO-ға шығарады

2008 жылы әлемді дүрліктірген дағдарыс қайталануы мүмкін. Шри-ланкада өткен экономикалық форумда америкалық миллиардер Джордж Сорос осылай деді. Бұл туралы  Bloomberg хабарлайды.

Әйгілі қаржыгер жаһандық экономиканың шатқаяқтай бастауын Қытайдағы қаржылық дүрбелеңмен байланыстырып отыр. Өйткені юаньнің еселеп құнсыздануы мен Қытай биржасындағы сауданың тоқтауы - әлемдік экономиканың өсімін баяулататыны анық. Саясатта ықпалы зор Соростың пікірімен алпауыттардың санасатынын ескерсек, дағдардыстың кезекті толқыны өзін көп күттірмейтін секілді.

Оның үстіне бүгін Сауд Арабиясының ірі мұнай компаниясы Saudi Aramcoны IPO арқылы сатылымға шығаруды жоспарлап отырғаны белгілі болды. The Economist басылымының болжамынша, бұған қатысты шешім бірнеше айда қабылдануы тиіс. Триллион долларға бағаланатын компанияның акцияларын сатуы бекер емес. Корольдік мұнай бағасы құлдырап, Иранмен арадағы кикілжің кезінде бюджеттің қамын ойлап жанталасып жатыр. Тіпті жастарға жұмыс орындарын ашуға дереу кірісті. Бұл үшін төмен жалақыға жұмыс істеп келген шетелдіктерді тықсыруға бар. Қазір Арабияда 10 миллионнан астам келімсек болмашы еңбекақыға жұмыс істеп жүр.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ