$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжарда жұрт құрылысы бітпеген тұрғын үй үшін несие төлеуге мәжбүр

AstanaTV
23.04.2019ж. 20:00
4011
Қызылжарда жұрт құрылысы бітпеген тұрғын үй үшін несие төлеуге мәжбүр

Қызылжарда «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған көп қабатты үй аумағының бір бөлігі үшінші тарапқа тиесілі болып шықты. Әкімдік жер телімінің меншік иесін ескермей құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Кесірінен құрылыс жарты жолдан тоқтап қалды. Ал жүздеген тұрғын ай сайын ақша төлеуге мәжбүр. Үлескерлердің жанайқайын аймақтағы тілшіміз тыңдап қайтты. 

Қала тұрғыны Самат Мұстафин жаңадан бой көтерген ауданда пәтер кілтіне ие болу үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» бақандай жеті жыл ақша жинап келген. Отағасы өткен жылдың желтоқсан айында қоныс тойын тойлауды жоспарлапты. Бірақ сол қуанышты әлі күнге күтіп жүр.   

Самат МҰСТАФИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Осында келдік. Кілт жоқ. Үйді бермейміз, біткен жоқ. Неменесі біткен жоқ? Канализация, свет, жылу өткізілген жоқ. Сонда ішінде не істеді? Кредит төлеп жатырмын. Алпыс мың ай сайын. Квартира сниматтаймын. Оған да алпыс мың төлеймін. Сонымен менде ай сайын 120 мың.

Осындағы бас аяғы 144 тұрғынның барлығы аталған банкте несие рәсімдеген. Құрылыстың тоқтап қалғанын бұқара жер учаскесіне қатысты сот процесінің басталғанымен түсіндіреді. Айтуларынша, тұрғын үй салынып жатқан жердің басқа иесі пайда болған.  

Альбина ҚАЗАНБАЕВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бұл жердің бір емес, үш иесі бар екен. Оның біреуі құқық қорғау органдарына жүгінген көрінеді. Біз әкімдікке талай рет жолықтық. Алдымен ақпанда тапсырамыз деді. Енді мамырдың жиырмасына қалдырды.

Тұрғындардың сөзін жергілікті кәсіпкер растады. Тимур Сәрсенбаев «Жас өркен» шағын ауданында коттедж қалашығын салмақшы болып, жалпы аумағы 18 сотық жер сатып алған. Айтуынша, қала билігі ол жердің заңды иесін елемей, 2017 жылы сметалық құны 1.5 миллиард теңгені құрайтын тұрғын үй құрылысын бастаған. Артынша қос тарап соттасып, нәтижесінде сот кәсіпкерді қолдапты. 

Тимур СӘРСЕНБАЕВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: 

Құрылыс 2017 жылдың желтоқсанында басталды. Ал әкімдік жерді еріксіз тәркілеу жөніндегі қаулыны келесі жылдың сәуірінде бірақ шығарған. Осындай төрт қаулы шықты. Сот барлық қаулыларды заңсыз деп тапқан. Соттың шешімі бойынша, құрылыс заңсыз жүргізілген. Енді әкімдік менің құжаттарымнан қателерді іздеп әлек.

Алайда, әкімдік өкілдері құрылыс жұмысының созылуына соттың шешімі емес, коммуналдық жүйелерді жобалау компаниясының жіберген ағаттығы себеп, дейді.  

Жанат ЕСЛЯМ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

Коммуналдық жүйелердің жобасын бірнеше компания жасады. Құжаттарды салыстыру кезінде құбырлардың бір-бірімен қиылысатыны анықталды. Сондықтан сараптаманың қорытындысы наурыз айында бірақ бітті. Қазір мердігерлер жұмысқа кірісіп кетті. Мамырдың жиырмасына дейін барлық коммуналдық қызметтер қосылады. Артынша ауланы абаттандыру жұмысы қолға алынады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Қала билігі мен жеке кәсіпкердің арасындағы дау-дамай әлі аяқталған жоқ. Осыған қарамастан әкімдік үйді көктемнің аяғына дейін тапсырамыз деп отыр. Дегенмен, сағы сынған жұрт атқамінерлердің бұл уәдесіне күмәнмен қарайды. Баспана толық тапсырылмайынша олар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» несиенің төлемдерін уақытша тоқтатуды талап етпек.

А. Құрманкин