Бүгін Ақтөбе ақ ұлпаға оранды. Таң алагеуімде жауа бастаған қар түске дейін тобықтан асып, тұрғындарды әуреге салды. Жол-көлік оқиғалары да көп тіркеліп жатыр. Ал, доңғалақ ауыстыратын орындарда ұзын-сонар кезек. Ал қаладағы коммуналдық қызметтегілер күшейтілген режимде жұмыс істеуге кіріскен. Жақсыбек Кемал баяндайды.
Таңертеңнен бері Ақтөбе көшелеріндегі көліктер тасбақа аянға басты. Себебі аяқ астынан қар жауатынын күтпеген жүргізушілер көліктерінің доңғалағын ауыстырып үлгермеген. Сондықтан қызмет көрсету орындарында ұзын-сонар кезек. Жүргізушілер сағаттап кезек күткенмен, қызмет бағасының өспегеніне риза.
Ақылбек Табылғанов, көлік жүргізушісі:
Төртінші шиномонтажға келіп кезекке тұрып жатырмын. Очередь көп. Әлі алдымда оннан аса машина бар.
Абылай Нұрғалиев, көлік жүргізушісі:
3 сағаттай тұрмын кезекте. 4 шиномонтаждан өттім қарап. Бағасы солай, қымбаттамаған, солайымен тұр.
Қолайсыз ауа райы жол апаттарының көбеюіне де себеп болған. Таңертеңнен кешкі сағат 5-ке дейін 40-қа жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Нұргүл Қонақбаева, облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
Қазіргі уақытта облыс бойынша 36 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бір көңіл көншітерлігі, зардап шеккендер жоқ. Жол көлік оқиғаларының себебі әртүрлі. Әрине, бүгінгі ауа райының да бірқатарына қатысы бар.
Таң атысымен қаланың коммуналдық қызметі аяғынан тік тұрды. Дегенмен мамандар табиғаттың тосын мінезіне дайын болғандықтарын айтады. Техника мен инертті материалдар алдын ала әзірленген. Мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Нағымжан Алдияров, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:
Қала бойынша 80 техника шығардық. Құм шашатын, грейдер, щетка бойынша. Қазіргі кезде 150 техника, 400-ден астам жұмысшы жасауда басқарушы компанияларды қосқан кезде. Қазір күшейтілген режимге көштік.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Синоптиктердің
айтуынша, бүгін жауған қардың соңы жаңбырға ұласады. Ауа температурасы ертең
түнде -3, күндіз 0-ден 5 градусқа дейін жылы болмақ. Алдағы тәуліктерде
көктайғақ болуы мүмкін. Сондықтан мамандар тұрғындарға барынша сақ болу
қажеттігін ескертеді.
Жақсыбек КЕМАЛ