$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Екі бірдей министрлік бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланған - Есеп комитеті

AstanaTV
20.04.2016ж. 20:00
1700
Екі бірдей министрлік бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланған - Есеп комитеті

Екі бірдей министрлік бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланған. Энергетика министрлігі 19 млрд теңгені игере алмаса, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 34 млрд теңгені мақсатты жаратпаған. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті осындай ақпарды жеткізді.

Бұл мемлекеттік аудит барысында анықталған. Талқылауға алдымен денсаулық саласының қызметі түсті. Оған вице-министр Алексей Цой қатысты. Тексеру қорытындысы негізінен 2011-2015 жылдары жүргізілген «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына бағытталды. Жоспарланған 8 индикатор орындалған, есесіне біршама заң бұзу деректері орын алды.

Серік Нөгербек, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі:

Мемлекеттік аудиттің ақпараты бойынша қаржылық бұзушылықтардың сомасы 12,7 млрд болды. Тиімсіз игерілген қаржы 34,6 млрд. Рәсімдік бұзушылық 18,4 млрд  теңгені құрады.

Бұл қаржы түгелдей кері қайтарылған. Сондай-ақ, 22 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бюжет қаржысын тиімді пайдаланбау дерегі энергетика министрлігінде де кездесті. Аудиттік тексеру қорытындысына сай 19 млрд теңге мақсатты түрде пайдаланылмаған. Оның 1,9 миллиарды бюджетке қайтарылуы тиіс. Қаржының тиімді игерілмеуінен энергетика мен газ өндірісі саласында жоспарланған 11 ірі бағдарлама дер кезінде орындалмады.

Құралай ПИОНЕР