Кабул әуежайында дүрбелең. Жергілікті тұрғындар ел аумағынан шығып кету үшін жанталасуда. Жаппай тәртіпсіздік орнаған ортадан сытылып шыққандар, ұшақтан да ұшып түсіп жатыр.
Еске салсақ, таяуда Ел Президенті Ашраф Гани отставкаға кетті. Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, бұрынғы президент әйелі мен 2 кеңесшісін алып, Өзбекстанға ұшып кеткен.
Ашраф ГАНИ, АУҒАНСТАННЫҢ БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТІ:
Тәліптер мен орнымнан кетуім үшін бүкіл Кабулге шабуыл жасайтындарын ашық көрсетті. Соғыс болмауы үшін мен өз еркіммен кеттім. Тәліптер қару қолданып, жеңіске жетті. Енді осы әрекеттері үшін жауап берулері тиіс. Өйткені, олар отандастардың өміріне қауіп төндірмеуі керек. Күш қолданып жеткен жеңіс, халыққа жақсылық әкелмейді. Бұндай жойқын күш қолдану заңсыз.
Экс- президент тағынан түсіп жатқанда, тәліптер жүздеген тұтқынды бостандыққа жіберді. Жауынгерлер Кабулдағы барлық мекемелерді жайпап басып, президент сарайының үстіне ту көтерді. Қозғалыс мүшелері бас мекеменің қабырғасында отырып, бейнеүндеу жолдады.
Адбул Гани БАРАДАР, ТӘЛІПТЕРДІҢ КӨШБАСШЫСЫ:
Бүкіл Ауған халқын ұлы жеңіспен құттықтаймын. Әсіресе, Кабул тұрғындары мен моджахедтер үшін қуаныштымын. Біз осы жеңіске жететінімізді күтпедік. Өйткені, өзіміз мүлдем күтпеген жеңІСКе жеттік. Қазір әділеттілік орнататын уақыт. Біз халқымызға қызмет етіп, оларды тыныш өмірмен қамтамасыз етеміз. Елдің өмірін жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада таяу шығыстағы жағдайға байланысты шұғыл түрде екі жиын өткізді. Мемлекет басшысы Ауғанстандағы Қазақстан азаматтары мен дипломаттарына қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Президент Әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстанға қатысты мәселелер бойынша үкімет бөлімдерінің қызметін үйлестіру тапсырылды. Қазақстан Республикасының Елшілігі Кабулда шектеулі көлемде жұмысын жалғастыруда. Персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қолданылады.
Ауғанстандағы төңкерістен соң, желіде түрлі жалған ақпарат тарады. Қазақстан Ауғанстаннан қашқан 70 мыңнан астам босқынды қабылдайды деп жұрт шулады. Алайда, СІМ-нің ресми өкілі бұл мәліметті жоққа шығарды. Ауғанстанда қазақ азаматтарының жоқ екенін мәлімдеді.
ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:
Ауғанстан аумағында Қазақстан азаматтары жоқ. Барлығы бұл ел аумағынан шығып кеткен. Біз танитын азаматтардың барлығы қауіпті аймақтан кеткенін мәлімдейміз. Ал, дипломаттар өз қызметін атқарып жатыр. Оларды қауіпсіз жерге көшіру әзірше қажет емес.
Саясаттанушылардың сөзінше, Ауған мемлекетінің тәліптердің қолына көшуі өзге елдерге кері әсерін тигізбей қоймайды. Қазақстан да қауіп-қатерге ұрынуы әбден мүмкін, дейді.
Расул ЖҰМАЛЫ, САЯСАТТАНУШЫ:
Ауғанстанның шиеленісі, тұрақсыздық әлі ұзаққа баратын түрі бар. Енді оның салдары мынау көршілес жатқан аумақтарға, оның ішінде Орталық Азияға қалай әсер етеді деу ең алаңдаушылық туғызатын жағдай. Әсіресе біздің мемлекеттерде. Енді тікелей қазір әскери бір шабуыл жасайды деуге болмайтын шығар. Үкімет талибан, басқа саяси күштер Ауғанстанның ішіндегі мәселелерді қалпына келтірумен айналысатын шығар. Негізі басымдық осы.
Ерлан САЙЫРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Тәліптердің үкімет басына келуі Қазақстан ең бірінші осы ислам фундаментализмін қайтадан экспорт жасауға бағытталған іс-әрекеттерін алып келуі мүмкін. Бұл Қазақстан үшін өте қауіпті. Екінші мәселе, босқындар тек қана Өзбекстан мен Тәжікстан емес, сонымен бірге Қазақстанға да өтіп кетуі ықтимал.
Ауғанстандағы ахуалға қатысты әлемдік көшбасшылар да пікір білдіруде.
Борис ДЖОНСОН, ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ:
Біз ешкімнің Талибанды екі жақты мойындағанын қаламаймыз. Ауғанстан қайтадан террор ошағына айналмауы үшін мүмкіндігінше барлық пікірлес адамдардың біртұтас позициясын алғымыз келеді.
Ауғанстандағы жағдай сағат сайын құбылуда. Жақында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайға қатысты шұғыл жиын өткізбек.
Л. Қуанышқызы