$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жамбыл облысында 6 азамат 20 қап алтынмен ұсталды

AstanaTV
28.04.2022ж. 20:00
1168
Жамбыл облысында 6 азамат 20 қап алтынмен ұсталды

Жамбыл облысында 6 азамат 20 қап алтынмен ұсталды.  Олар Мойынқұм ауданындағы шахтада тау жыныстарын заңсыз өндірумен айналысқан. Тәртіп сақшылары күдіктілерді Ақбақай ауылының төңірегінде құрықтады. Күдіктілер құрамында алтыны бар кенді қазып, қапқа   жинаған. 20 қап құм аралас құнды металды жүк көлігіне тиеп, алып кетуге дайындап қойыпты. Ұсталғандардың  бесеуі -Жамбыл облысының, біреуі- Алматы облысының тұрғыны.  Олардан генератор, темір кескіш, балға, түрлі-түсті метал іздейтін құрылғы сияқты құрал-саймандар тәркіленді.

Рахымберді ӘШКЕЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

 
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 334 бабы Жер қойнауын өз бетінше пайдалану бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заттай айғақтар тәркіленіп, қазіргі таңда сот-химиялық сараптамасы тағайындалды. Мемлекетке келтірілген залал көлемі анықталуда.

Ұсталғандар өз кінәларын мойындаған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.   Мойынқұм ауданы тұрғындарының айтуынша, жергілікті жұрттың арасында  осындай заңсыз әрекетке  баратындар кездеседі. Себебі, облыс орталығынан шалғай жатқан ауданда  жұмыс жоқ. Сондықтан тау тасты кезіп жүргендер көп дейді.  

5-6 бала жиналып қазамыз. Тапқан табысты теңдей бөлеміз. Заңсыз екенін білеміз. Бірақ еріккеннен ешкім қазбайды ғой.  Ауылда жұмыс жоқ.  Табыс табу үшін барамыз мұндай қадамға. Онда да дайын тұрған алтын жоқ.  Қазу да оңай шаруа емес.  Апталап үй бетін көрмей айдалада жатамыз.  Оның өзінде де кеннің үстіне сәтті  түссең жақсы.  Кейде дым таппай кететін кездер болады.

Б. Жұмабайұлы