$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«AMANAT» партиясы жанындағы Агроөнеркәсіптік комитет отырысында қант тапшылығы мәселесі қаралды

AstanaTV
28.07.2022ж. 20:00
1303
«AMANAT» партиясы жанындағы Агроөнеркәсіптік комитет отырысында   қант тапшылығы мәселесі қаралды

«AMANAT» партиясы жанындағы Агроөнеркәсіптік комитет отырысында   қант тапшылығы мәселесі қаралды. Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Қайнар Абасовтың айтуынша, қазір елімізде жұмыс істеп тұрған төрт қант зауыты өз қуаттылығының тек үштен бірін ғана пайдаланып отыр. Сондай-ақ  жылдан-жылға қант қызылшасының егіс алқаптары қысқарып барады дейді. Биыл қант қызылшасын  26,3 мың гектарға егу жоспарланғанымен, іс жүзінде дақыл 9,6 мың гектар жерге ғана егілген.  

Қайнар АБАСОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Президент Үкіметке шұғыл түрде қант саласын дамыту жөнінде жеке салалық жоба әзірлеуді тапсырды. Оның мақсаты -импортқа тәуелділікті едәуір қысқарту, өзін-өзі қамтамасыз етуге біртіндеп көшу екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр?

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай еліміздегі қант қызылшасы алқабының азаю себебін түсіндірді. Мәселені шешудің   жоспарымен таныстырды.  

Жеңіс ӨСЕРБАЙ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Қант қызылшасы – өте күрделі дақыл. Ең алдымен, оның технологиялық картасы күрделі жұмыс саналады. Дақыл егетін, жинайтын арнайы техникалардың құны қымбат. Мәселен, 1 комбайнның құны -500 мың   доллар. Яғни, қант қызылшасын субсидиясыз өндіру кәсібі мүлдем тиімсіз. Сондықтан шаруалар қант қызылшасын өсіру ісіне қызығушылық танытпайды. Бұл ретте, министрлік дақыл өсірудің тиімділігін арттыру арқылы шаруаларды ынталандыруды жоспарлап отыр. Яғни, арнайы техника сатып алу үшін төмен пайызбен несие беру, тұқым, тыңайтқыш, су  жеткізу мәселесін шешу көзделуде. Сондай-ақ, зауыттарды жаңғырту жұмысы қолға алынады.

Қазақстан фермерлері қауымдастығының атқарушы директоры Әкпар Мәуленов Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды облыстарында да қант қызылшасын еккен  жөн дейді.  Өйткені қант қызылшасы жылы өңірлерде ғана емес, ауа-райы салқын аймақтарда да  жақсы өнім беретінін алға тартты. Сондай-ақ ол зауыттар мен фермерлер арасында орын алатын келеңсіздіктергетоқталды

Әкпар МӘУЛЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН ФЕРМЕРЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Біраз келеңсіз фактілер бар. Енді бүкіл зауыттардың бәрі ондай деп айтпаймын. Өйткенде біраз фермерлер бізге шағымданады да, зауытқа қант қызылшасын апарғанда біріншіден рефакциясын көтереді. Екіншіден қанттылығын төмен қылып көрсетеді. Үшіншіден тиісті ақшасын уақытылы бермейді. Шаруаны біраз қинап, 2-3 ай созып, әбден ығырын шығарып бірақ береді.

Партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев жиын барысында айтылған ұтымды ұсыныстар, өзекті мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтты. Кейбір жайттар бойынша өз ұсынысын жеткізді.

Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Мысалы, Павлодар облысы әкімінің Павлодар облысы арқылы өтетін су профицитін тиімді пайдалану туралы пікірі болды. Неліктен Павлодар облысын суармалы жерлерге пайдалану үшін нақты шаралар қабылдамасқа? Мәселен, қыркүйек айында партия фракциясының отырысында біз министрді шақырдық, ал бұған дейін қант саласындағы барлық қолдау шараларын сыни тұрғыдан қарап, нарықтың пікірінше, қажетті шараларды белгілеп, осы салыстырмалы кестемен Үкіметпен келіссөздерге баратын едік.


Жиын соңында Комитет төрағасы Қайнар Абасов бұл мәселе наурыз айында белгілі болғанын, бірақ тиісті шаралар қабылданбағанын айтты. Қант тапшылығы мен қымбатшылық соның салдарынан  болған. Енді оған  жауапты ведомстволар қызылша егетін аймақтармен бірлесіп, мәселені шешу жолдарын ұсынуы тиіс. Осылайша, импортқа тәуелділіктен арылып, отандық өндірісті жүйелі жолға қою керек деді.  

Б. Сатуов