Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Тепсе темір үзетін, сайдың тасындай жігіттер желі арқылы тәнін саудалайды

AstanaTV
22.11.2022ж. 20:00
2109
Тепсе темір үзетін, сайдың тасындай жігіттер желі арқылы тәнін саудалайды

Тепсе темір үзетін, сайдың тасындай жігіттер желі арқылы тәнін саудалайды. Ауқатты әйелдермен танысып, ақша үшін кездеседі. Осындай алаяқтардың арбауына түсіп, дүние-мүлкінен айырылғандар аз емес. «Серісымақтардың» қызмет ақысы қанша? Аружан Задабек желідегі жалдамалы жігітпен тілдескен еді. Сюжет көрейік.

Ақша үшін тәнін саудалайтын жігіттерді әлеуметтік желіден табу оп-оңай. Мәселен, интернетте ондайлар тек бақуатты келіншектерді іздейтінін көрсеткен. Ал оның жанына жасын, ұлтын, ұсынатын қызметінің түрін, бір сағаттық бағасын да жазып қойғандары бар. Бәрінің де қалауы бір: клиенті өзінен әлдеқайда үлкен әрі қалталы болуы тиіс.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Желіде жарнамасы жер жарған азаматқа мен де хабарластым. Оған туған күнге бірге баратын адам керек деген ұсыныс айттым. Ол көп ойланбай, бірден келісті. Бірақ жалдамалы жігітке алдымен түріңізді көруім керек деген шарт қойдым. Қазір хабарласамыз.

Мен сөйлескен «сері» жігіт бұл кәсіпті енді бастаған. Сондықтан аз ақша сұрап тұрмын дейді. Тәжірибелі жалдамалы жігіттер өздерін бұдан әлде қайда жоғары бағалайтын көрінеді. Хош, не десек те елімізде әйелдің ақшасынан пайда көретін ер қатары артып барады. Тіпті, бай-қуатты келіншекті өзіне әбден ғашық қылып, артынан ақшасын ұрлап, сан соқтырып кететіндер көп.

Жанар ЕРЖАНОВА, ЗАҢГЕР:

Маған осылай альфонс жігітке алданған бір әйел келді. Жігітіне өз үйін аударған. Оның алаяқ екенін кейін білген. Бірақ ол кезде бәрі кеш болды. біз оның кінәсін мойындата алмадық. Өйткені, ол барлық құжаттарға өз еркімен қол қойған.

Әр сағатын ақшамен өлшейтін жігіттердің дәурені жүріп тұр қазір. Уақытша жігітіңіз болады, қажет кезде сырласады. Керек десең, үйленуге дайын. Қысқасы, сұрағаныңыздың бәрін орындайды. Тек ақшасын төлесең болғаны.

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Әйел адам өзін әйел ретінде сезінбесе немесе өз-өзіне деген бағалауы төмен болатын болса, ондай әйелдер альфонсқа тап болады. Себебі, ондай әйелдер мені жақсы көруі үшін мен оған ақша төлеуім керекпін деген ұғым басты назарда болады.

Оңай олжа табуға құмар, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін “жігітсымақтарды” анықтау қиын емес. Ең алғашқы қадамын олар тиын-тебен сұраудан бастайды. Артынша қомақты қаржы, алтын, көлік, тіпті баспанасын тартып алуға дейін барады – дейді мамандар.

Нұралы ТӘҢІРБЕРГЕНОВ, АСТАНА қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жыл басынан бері альфонс жігіттерге қатысты қылмыстық іс тіркелмеген. Егер де олар ұсталып, тергеп-тексеру нәтижесінде алаяқтық фактісі анықталса, ҚР ҚК 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалады.

Қоғам ішінде әйелді құшақтап тұрып, пышақтайтындар көп. Бірақ олардың кінәсін дәлелдеу қиын. Сотқа беру үшін кемінде зардап шеккен үш азамат болуы керек. Оның өзінде жеңіп шығуы екі талай. Өйткені алданған арулардың басым бөлігі дүние-мүлкін өз еріктерімен аударады.

А. Задабек