$498.51 €522.84 ₽4.81
×

«Нұр Отан» партиясының Алматы қаласында сайлауалды штабы жасақталды

AstanaTV
01.02.2016ж. 20:00
2274
«Нұр Отан» партиясының Алматы қаласында сайлауалды штабы жасақталды

Алматыда «Нұр Отан» партиясының қалалық сайлауалды штабы жұмысы жасақталуда. Насихат жұмыстары мен сайлаудың өту барысын қамтамасыз ететін штабқа белгілі экономист, қоғам қайраткері, профессор Рахман Алшанов жетекшілік етеді. Штаб құрамында елге танымал өзге де 170 адам бар. Айта кетейік, негізгі үгіт-насихат жұмыстары алдағы уақытта басталады. Оған дейін штаб мүшелері атқарылатын шаруаларды пысықтап алмақ.

Қалалық штаб құрамында танымал партия және қоғам қайраткерлері, спортшылар, білім саласының мамандары мен ғалымдар бар. Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени орталықтарының белсенді мүшелері де жұмысқа ат салысады. «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалында өткен жиында штаб жетекшісі Рахман Алшанов жүктелген міндеттермен бөлісті. Ол «Нұр Отан» партиясының Мәжіліс пен мәслихат сайлауында айқын жеңіске қол жеткізуі штаб жұмысының басты міндеті, - деді.

Рахман Алшанов, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық сайлауалды штабы жетекшісі:

Штаб мүшелері қазір топқа бөлінеміз. Мақсатымыз - әр ұжымға барып, осы насихатты жүргізіп, оларға ақпаратты жеткізу, халыққа жағдайды түсіндіру. Соған байланысты штабтың құрамына елге белгілі қайраткерлер тартылды. Білім, қоғам қайраткерлері, ғылым саласының этномәдени орталық жетекшілері отыр осында. Олардың барлықтары былтырғы сайлауалды штабына да қатысты. Сондықтан тәжірибелі адамдар.

«Нұр Отан» партиясының 17 съезінде Елбасы Бес институционалдық реформаны, елді әрі қарай дамытудың жан-жақты мәселелеріне арналған «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүйелі жүзеге асыру партияның жаңа сайлауалды бағдарламасының өзегі екенін айтты. Қалалық филиалда еңбек етіп, партия көшбасшысының саясатын қолдап отырған өкілдер осы бағытта жұмысты жалғастыра бермек. Алматыда сенімді өкілдер мен партия белсенділерінің жұмысын үйлестіретін 1 қалалық және 8 аудандық сайлауалды штабы жасақталған. Шаһар бойынша осы штабтардың жұмысына 1500-ге жуық сенімді өкіл қатысады.

Ермахан Ибраимов, олимпиада чемпионы:

Қазақстанның белсенді азаматы ретінде, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі ретінде барлық жиындарға қатысамын және де аянбай жұмыс істеп, «Нұр Отан» партиясының көп дауыс алуына ықпал жасаймыз, сол үшін жұмыс істейміз.

Штаб жұмысы ақпан айының соңына қарай басталып, 19 наурызға дейін жалғасады. Ал 20-шы наурызда халық өз таңдауын жасайтын болады. Билік партиясы Мәжілістегі орынтақ үшін күресетін кандидаттарын жасақтап үлгерді. Мәслихаттар үшін үміткерлер ұсыну процессі әлі жүріп жатыр. Алматы - ең үлкен электоратқа ие шаһар. Қалалық сайлау комиссиясының соңғы дерегінше, қалада қазір 1 млн 38 мыңдай сайлаушы бар.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ