$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шымкентте орын тапшылығынан оқушылар моншада оқып жатыр

AstanaTV
03.09.2019ж. 20:00
3566
Шымкентте орын тапшылығынан оқушылар моншада оқып жатыр

Шымкентте мектеп оқушылары моншада оқуға мәжбүр. Нұрсәт шағын ауданының бастауыш сынып балғындары бүгін екінші күн қоғамдық жуыну орыны болған нысанда білім алуда. Бұған шамданған бірлі-жарым ата-аналар баласын алып кетіп жатыр. Шымкенттегі мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары моншада сабақ бастады. Қоғамдық орындағы жуынатын бөлмелер сыныптарға айналған. Бәрі сырланып, мектепке ыңғайластырылыпты. Бөтен иіс те сезілмейді. Бірақ тұрғылықты жұрт өздері талай жуынған орында баласы оқып жатқанын бірі құптағанмен, бірі наразы. 

Рабиға ЖҰМАБАЕВА, АТА-АНА:

Баняға кім келіп, кім түспейді, айтыңызшы. Енді баняны алып келіп, нәрестелерді, періштелерді баняға әкеліп оны учебный корпус етіп түсіріп жатқаны өте бір ата-аналарға возмущение жасадық. +кеше барып сразу мен айттым немеремді алып кетемін. Көбісі алып кетеміз деді енді. 

Роза БАБАХАНҚЫЗЫ, АТА-АНА:

Моншаны мектепке айналдырғаны дұрыс болды. Нұрсәтте тұрғын көп. Олар балаларын алысқа тасымай, жақын жерге оқытқысы келеді. Екі қабатты ғимарат. Өз басым қатты қуанып тұрмын. Автобуспен сығылысып жүрмейді сабаққа бару үшін.түсіністікпен қарауымыз керек. 

№ 80 мектеп-лицейде 4 350 бала бар. 1 200 орындық ғимаратқа сыйысуға мәжбүрміз, деді мектеп басшысы. Директор ауданда бала саны көптігін айтады. Бірінші сыныптың өзі - 20. Үш ауысымда оқымас үшін ғимарат жалдауға тура келгенін көлденең тартты. Мыңнан астам бала оқитын ғимараттың жалдау ақысы - 2 млн 800 мың теңге, ол жергілікті бюджеттен төленеді. Ал монша Нұрсәттегі жалғыз бос ғимарат көрінеді. Айтуынша санэпидемиологтар да қарсы емес. 

Сәуле ҚАЛЫБЕКОВА, № 80 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙДІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Банядан алдын бұл жер офис болған. Бизнесмендердің офисі болған. Содан соң 1 жылдан астам баня болған. Содан екі жылға жуық бос тұрған ғимарат болған. СЭС бізге кішкене кемшіліктерді айтты. Иә, бізге оқуға болады деді. Олар ылғалдылығын тексерді, өзінің ғимараттың. Өзінің биіктігін тексерді. Өздерінің ережесі бойынша сәйкестігін тексерді. 

Директордың сөзінше әлі жөнделіп үлгермеген бөлмелер бар. Толық аяқталса мұнда 1,5 мың бала оқи алады. Тек санэпидемиологтардың ескертпе талаптарын орындап үлгерулері тиіс екен. Соның бірі сынып бөлмелерінің әрбіріне қол жуатын орынның болуы. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Мыңнан астам бала білім алып жатқан ғимаратта спорт залы да жоқ. Дене-шынықтыру сабағын қайда өтетіні белгісіз. Ал үзіліс кезінде балалар ойнайтын алаңшаның түрі міне, цементі ойылып, шаңы шығып жатыр.

Айта кетейік, Шымкентте 19 мектеп үш ауысымда бала оқытып отыр. Биыл 5 мектеп қолданысқа берілгенмен үш ауысым мәселесі бұрынғыша қалып тұр. Білім басқармасындағылар туындаған қиындық ата-аналардың мектеп таңдауға еркіндік берілгенімен байланыстырып отыр. 

Серік БАБАҚҰЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Биылғы жылы осы 19 мектептің 7 мектебіндегі мәселені шешеміз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы үш ауысымды жойып, 2021 жылға дейін жоспарланып отыр. 

Мәселе кезең-кезеңімен шешіледі деген білім саласындағылар, тағы 49 мектептің құрылысы жоспарда тұрғанын жеткізді. 

А. Төребекқызы