$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«AMANAT»-тың кезектен тыс Съезіне барлық аймақтан 700 делегат сайланды

AstanaTV
03.10.2022ж. 20:00
1681
«AMANAT»-тың кезектен тыс Съезіне барлық аймақтан 700 делегат сайланды

«AMANAT» партиясының XXIV Съезіне өңірлерден 700 делегат сайланды. Мұндай шешімді партияның аймақ филиалдарында өткен 20-шы конференция қабылдаған. Сондай-ақ, аманаттықтар партияның жаңа Саяси тұғырнамасының жобасын талқылады. Жалпы, үш күн ішінде барлық деңгейдегі конференциялар жұмысына 20 мыңнан астам адам қатысты.

Саяси тұғырнама биыл наурызда іске қосылған кең ауқымды партиялық трансформацияның бір бөлігі. Бастысы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Қордаланған мәселені дер кезінде шешуді көздейді. Партиялықтарға әлеуметтік сауалнама арқылы Саяси тұғырнама жобасына қатысты өз пікірін білдіруге мүмкіндік берілді. Батыс Қазақстандағы белсенділерде бұл жұмыстан шет қалған жоқ.

Мұрат МҰҚАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Саяси тұғырнаманы біздің өңірде 217 бастауыш партия ұйымының ішіне кіретін 26 мыңнан астам біздің партиялас әр алаңда әр бастауыш партия ұйымының жиналысында талқылап, өз ұсыныстарын берген болатын. Соның нәтижесінде қазіргі жаңа саяси тұғырнамада 20-ның үстіндегі ұсынысымыз еніп, қазіргі таңда жобаның ішіне кіріп тұр.


Білім мен ғылымға бөлінген қаржы – бұл болашаққа құйылған инвестиция. Балабақша, жатақхана жетіспеушілігі, үш ауысымды мектептерді жою, медициналық нысандардың жабдықталуын жақсарту қажет. Партиялықтар осы мәселелермен тұрақты түрде айналысуда. Бұл бағыттар басты идеологиялық құжатта көрініс тапқан.

Сәкен ӘМРИН, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Денсаулық сақтаудың сапасына көп көңіл бөлінетінін атап өткім келеді. Неліктен? Өйткені мемлекет дамуының басты көрсеткіші – медициналық көмектің сапасы. Біз үшін мемлекеттің, оның ішінде «АМАНАТ» партиясының денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөлуі маңызды. Жаңа ауруханалар салынуда. Енді ауылдық жерлерде жаңа медициналық пункттер ашу, ауданаралық клиникалық көпбейінді ауруханалар салу секілді сұрақ туындауда.

Маңғыстау облыстық мәслихатындағы «AMANAT»-тың депутаты Аят Сүгірбайдың айтуынша, қазіргі уақытта қоғамдық татулық пен келісімді сақтау аса маңызды мәселе болып отыр.

Аят СҮГІРБАЙ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Азаматтардың арасынан ұлтына, ұлысына қарамастан татулықты бірлікті біз нығайта беруміз керек. Тек қана сол арқылы ғана біз мемлекетімізді дамыта аламыз. Себебі дамудың ең бірінші және алғашқы шарты ол ауызбірлік пен тыныштық керек. Сондықтан осы мәселені саяси тұғырнамада көрініс тапқанына қуаныштымыз.

Лариса ГРЕЧУШНИКОВА, ШҚО АЛТАЙ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Экономика – өнеркәсіп кәсіпорындары, салық түсімдері – осының бәрі біздің шағын Алтай өңіріндегі жетістіктер. Президенттің үнемі айтатын берекелі – экономика, тұрақтылық – татулық түпқазығы деген пікірін қолдаймын. Бұл бүгінгі қоғамда өте маңызды.

Қарағандылық жастар келешектің кемелденетініне сенеді. Өздері де үлес қосып, біліктілік көрсетуді мақсат етіп отыр.

Айғаным САҒИТОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ БЕЛСЕНДІСІ:


Бұл жаңашылдықтың көбісі жастарға қатысты деп ойлаймын. Себебі «Аманат» партиясы мемлекетшіл, белсенді, саналы жастарға арқа сүйейді. Сондай көшбасшылық, прагматикалық қасиеттерге ие жастар. 21 ғасырдың атына сай болу керек деп ойлаймыз. Осы жаңа қоғамдағы саяси өзгерістерге жақсы қараймыз. Жақсы өзгерістер күтеміз.

Еске сала кетейік, 6 қазанда Астана қаласында «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV Съезі өтеді. Партияның Орталық аппараты дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Т. Әлжанов